ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА ЕҢБЕКШІ ЖАСТАРДЫҢ ФОРУМЫ ӨТТІ
«Жас келсе – іске!». Осындай атаумен өткен Жамбыл облысы еңбекші жастарының форумы 160-тан аса жас жұмыскерлер-кәсіподақ белсенділерінің басын қосты. Жастар жылы аясында «Меркі Rаdon» шипажайында өткен форумға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев, Қазақстанның Еңбек Ері Сайранбай Дөненбаев, Ұлттық білім және инновация палатасының төрағасы Мұрат Әбенов шақырылды. Аталған шараға білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының атынан 30 астам жас ұстаздар, кәсіподақ белсенділері мен қызметкерлері қатысты.
Форумның ресми ашылуында ҚР кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары Ерлан Сайыров қонақтарды таныстырып, басқосудың мақсатына тоқталып өтті. Ерлан Биахметұлының айтуынша форумның негізгі мақсаты – еңбекші жастардың ең өзекті проблемаларын талқылау үшін коммуникативті алаң құру, еңбекші жастарды шоғырландыру, тәжірибе алмасу және өз идеяларын іске асыру, кәсіподақ қозғалысының жастар саясатын трансформациялау және дамыту бойынша тұжырымдамалық ұсыныстар әзірлеу болды.
Форум модераторы Ерлан Сайыров ҚР КФ төрағасы Бақытжан Абдрайымның, облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың құттықтау хатын оқыды. Қазақстанның Еңбек Ері, «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы Сайранбай Дөненбаев жастарға мотивациялық серпін беріп, адал еңбекпен айналысуға шақырды. Ал жас кәсіподақ белсенділері өздерін толғандырған мәселерді қозғап, пікір алысты. Сөз алғандардың қатарында Шу ауданы Жамбыл атындағы гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Индира Диханбаева ұжымдық шартта көрсетілген кейбір нормалардың сақталмауы, емдік жәрдемақының жеткіліксіздігі, біліктілік арттыру курстарына жолданатын қызметкерлерге іс сапар шығындарын өтеудегі түйткілдер, ауылды жерде тұрып еңбек ететін мамандарға отын мен коммуналдық қызмет үшін өтемақы мөлшерінің төмендігі, бірлестік жетекшілеріне 25% қосымша ақының төленбеуі сынды мәселелерді көтеріп, өз ой-ұсыныстарын жеткізді.
Форумның екінші бөлігінде әр саланың жас жұмыскерлері 3 секцияға бөлініп, алдын ала бекітілген тақырыптар бойынша пікір алмасып, ой бөлісті. Ұлттық білім және инновация палатасының төрағасы Мұрат Абенов «Жоғары тиімді адамдардың жеті дағдысы», филолог, «Қазақстан» АҚ эфирлік саясат дирекциясының шеф-редакторы Серікзат Дүйсенғазы «Руxани жаңғыру және еңбек жастары», ал PhD докторы, еңбек заңнамасы саласын түбегейлі зерттеп жүрген ғалым Бибигуль Нурашева болса «Кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғаудың тиімділігін арттыру» тақырыбында әңгіме өрбітті. Барлық қатысушыларға форум соңында сертификаттар табысталды.
Форумда бас қосқан жастар өздерінің елімізде болып жатқан саяси өзгерістерге бей-жай қарамайтындықтарын білдіріп, Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын қолдау туралы Үндеу жариялады.
«Біз, еңбекші жастар Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына бір кісідей қатысатынымызды мәлімдейміз және қазақстандық барлық жастарды осы Үндеуімізді қолдауға шақырамыз!» делінген Үндеу мәтінінде.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-