ҰСТАЗДАР ШЫҚТЫ АЛАҢҒА
Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов аудандық білім қызметкерлерінің дәстүрлі «Тәуелсіз елдің спорт сүйер ұстаздары» спартакиадасы өз мәресіне жетті. Жас ұрпақтың санасын білім нұрымен нұрландыратын, бүкіл кәсіп атаулының атасы саналатын ұстаздық кәсіпте еңбек етіп келетін мұғалімдер арасындағы спорттық жарысты аудан әкімдігінің білім бөлімі мен білім беру саласы қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы ұйымдастырды.
Спорттық шараға арнайы қатысқан аудан әкімі Ерболат Садырқұлов, аудандық білім бөлімінің басшысы Еркін Сейтжапаров, аудандық кәсіподақ төрайымы Айнұр Баймұратовалар құттықтау сөз сөйлеп, барлық қатысушы ұстаздарға сәттілік тіледі.
Кенжебек Бекебаев атындағы аудандық орталық стадионда өткен спорт жарысына барлық бастауыш ұйымдардың педагог қызметкерлерінен құралған командалар қатысып, спорттың 9 түрінен бақ сынады. Атап айтқанда, кіші футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі, армрестлинг, кір тасын көтеру, жеңіл атлетика, бильярд және асық ату ойындарынан болған жарыстарға барлығы 6 аймақтан 400-ден аса ұстаздар қатысты.
Тартысты өткен жарыстардың нәтижесінде жеңімпаздар анықталып, бірінші орын алған жеңімпаз ұстаздар облыстық спартакиадаға жолдама алды. Жүлделі командаларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы кубоктар мен Алғыс хаттар табыс етілді.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-