«Ұстаз болғым келеді» шығармашылық байқауының аудандық кезеңі бастау алды
Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының жанынан құрылған жастар Кеңесінің бастамасымен облысқа қарасты барлық білім ордаларындағы 11 сынып оқушылары арасында «Ұстаз болғым келеді» шығармашылық байқауы өтуде.
Шараның мақсаты- мұғалім мамандығының қыр-сырын дәріптеу, оқушыларды қоршаған ортаға бейімдеу, жас буынды рухани-адамгершілік және қоғамдық-құндылықтық тәрбиемен толыққанды қамту, ұстаз мамандығын таңдаған жастарға жан-жақты көмек көрсетіп, қолдау білдіру.
Байқаудың ережесіне сәйкес алғашқы кезеңінде білім мекемелеріндегі оқушыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, ерікті түрде ұстаз мамандығын игергісі келген оқушылар шығарма жазған болатын. Ағымдағы жылдың 1-20 наурыз аралығында байқау мектептерде өткізіліп, келесі кезеңге жұмыстар жинақталды.
Алғашқылардың бірі болып, іріктеу кезеңін Алматы облыстық ұйымына қарасты білім және ғылым қызметкерлері Панфилов аудандық кәсіподақ комитеті өткізді. Аудандық деңгейдегі байқауға қатысушылар тарапынан 13 жұмыс түсіп, оны арнайы жасақталған әділқазы алқалары тексерді. Шығармаларды тексеру барысында оның мазмұнына, сауаттылығына, мұғалім мамандығына деген ынтасына баса назар аударылды. Қазылар алқасының шешімімен екі күнге созылған байқаудың қорытындысы 2019 жылдың 4 сәуірі күні жарияланды.
Панфилов аудандық білім бөлімінің басшысы Т. Қастеев пен кәсіподақ комитетінің төрағасы М. Тұрлыбеков және жастар Кеңесінің төрағасы Б. Шеризат жеңімпаздарды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Жүзден жүйрік шығып, І орынды Әулиеағаш орта мектебінің оқушысы Алуа Асқар, ІІ орынды Ж. Бусаков атындағы орта мектептің оқушысы Сымбат Матанова, ІІІ орынды Жаркент орта мектебінің 11 сынып оқушысы Юлтузай Летипова еншілеп, аудандық кәсіподақ комитетінің дипломдары мен бағалы сыйлығын иеленді.
Жеңімпаздардың шығармалары облыстық деңгейдегі байқауға жолданатын болады.
Алматы облыстық білім және ғылым
қызметкерлері кәсіподағының баспасөз қызметі
-
Фото
-