«Туған жерге қамқорлық» акциясы
Туған елге қызмет етудің озық үлгісі – айналаны көркейтуге қамқорлық жасау. 2019 жыл 25 наурыз күні Маңғыстау облысы Қарақия ауданы Құрық селосының орталығында орналасқан «Тұнғыш Президент» саябағында білім саласындағы жас ұстаздар, жастар «Туған жерге қамқорлық» акциясына қатысты.
Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауында биылғы жылды жастарға арнауды ұсынған болатын.
Осы ретте «2019 жыл – Жастар жылы» 22 Наурыз Ұлыстың Ұлы күнін мерекелеу аясында аталған акция Қарақия ауданы әкімдігінің, аудандық білім бөлімінің қолдауымен «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Маңғыстау облыстық ұйымы» ҚБ мен Қарақия аудандық кәсіподақ комитеті және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының ұйымдастыруымен қолға алынды. Аудан әкімі Қыдырберді Әндірұлы Беков, аудан әкімінің орынбасары Есен Күмісқалиев, бөлім басшылары, облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы Тарбия Анайбекқызы Баймбетова жастарға мерекемен құттықтай отырып, жарқын болашаққа нық сеніммен қадам басқан әрбір жастың көкейінде белгілі дәрежеде жетістікке жетсем деген алға қойған мақсатына қол жеткізсін деген тілек білдіріп, акцияны өз қолдарымен ағаштарды егіп, ашып берді.
Жас мұғалімдер саябақтағы арнайы белгілеген алаңқайға ағаш көшеттерін отырғызды. Саябақтағы дәл осы көшеттер отырғызылған алаңқай «Жастар аллеясы» деп аталатын болады. Акцияға 50-ден астам жас мұғалімдер, қызметкерлер қатысты.
Саябаққа 60 қа жуық (қарағаш, терек, қызыл тал) ағашының көшеті және 200 жақтау бұталары егілді.
Көшеттің түбін қазып, оған су құйып, бұл акцияға жастар өз қалауларымен келіп, бұл игі іске барлығы білек сыбана кірісіп, ауылды көркейтуге өз үлестерін қосты.
Адам ауасыз өмір сүре алмайтын болса, ауаны жасайтын, тазалайтын, сүзгіден өткізетін, яғни ауадағы газдарды, түрлі газдарды өзіне тартып, орнына оттегі бөлетін ағаш. Адамзат өз тарихында осы күнге дейін әлі ағаштан артық ауаны тазартатын бірде - бір қондырғы ойлап таба алмапты.
Адамға ұрпақ өсіріп, үй салумен бірге, ағаш отырғызу – парыз.
Ағаш отырғызу – сауапты іс. Сондықтан, талдарды егіп, ауылды көркейту шараларына аудан тұрғындарын бір кісідей атсалысуға шақырамыз.
Қарақия аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының
төрайымы Бақтыгүл Тналиева
-
Фото
-