АРМЫСЫҢ, ӘЗ НАУРЫЗ!
Ғасырлар қойнауынан бастау алған ерекше ұлық мерекеміз, жақсылықтың жаршысы, жаратылыстың шынайы жыл басы – Наурызды кәсіподақтықтар да дәстүрлі түрде кең көлемде атап өтті. Наурыз мейрамына арналған «Армысың, әз Наурыз!» атты көпшілік шара Кәсіподақ үйінде өтті. Мерекеге кәсіподақ ардагерлері, кәсіподақ қызметкерлерінің отбасы мүшелері мен қонақтар шақырылды.
Барша жұртты Наурыз мерекесімен құттықтаған қонағымыз Аман ақсақалдың батасынан кейін Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков елімізге ырыс-ынтымақ тілеп, шараны көтеріңкі көңіл-күймен атап өтуге шақырды.
- Наурыз – жыл басы ғана емес, бұл ең алдымен ізгілік пен жақсылықтың мейрамы. Дана халқымыз осынау күнді – Ұлыстың ұлы күні деп ардақтап, оны қай кезде де еңсесі биік ерліктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесіне балаған. Ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп, ортақ мақсатқа жұмыла кіріссек халқымыздың дастарханы дәмге, шаңырағы ырысқа толып, ғұмырымыз баянды болатыны сөзсіз. Еліміз тыныш, әрбір жаңа күн барлық отбасына шадыман шаттық пен бақ-береке сыйласын!, - деп ізгі тілегін жеткізді.
Қасиетті Жер-ана ақ көрпесін ысырып тастап, жасыл желекті көйлегін кие бастаған мерекеде тал егіп, ағаш отырғызу дәстүрі де қалыптасқан. Осы орайда Кәсіподақ үйінің маңына ағаш отырғызылып, бата берілді. Одан кейін ұжымның өнерпаздары мен олардың отбасы мүшелері ұйымдастырған мерекелік концерт қойылды. Өнерпаздар ән салып, би биледі. Мерекеде ұлттық ойындар да ойнатылды. Жігіттер топ-топқа бөлініп арқан тартты, қыз-келіншектер кім мықтыны анықтап қол күрестірді. Өнерлерін көрсетіп, оза шапқандарға сыйлықтар үлестіріліп, марапат қағаздары берілді.
«Қарттың батасы қабыл» деген сеніммен бата беріліп, тілектер дастархан басында жалғасты. Берекелі бауырсақ пен дәмі тіл үйірген наурыз көже, қымыз-қымыран, күріш пен ет тартылып, кеңпейіл, қонақжай дағдымыз паш етілді. Дастархан басында тамырын тереңнен тартқан бұл күн мен түннің теңелетін ғана емес, береке мен бірліктің, ырыс пен ынтымақтың, тазалық пен татулықтың бастауы екендігі насихатталып, Ұлыстың ұлы күнімен құттықтау мен ізгі лебіздер толастамай, жалғасып жатты.
Бейбіт АРМАНҰЛЫ.
ЖАМБЫЛ облысы
-
Фото
-