КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫНЫҢ ҚАРЖЫ САЯСАТЫ
Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының базасында салық заңнамасына өзгерістер енуіне байланысты кәсіподақ қаржысымен жұмыс істеп отырған кәсіподақ бухгалтерлеріне арналған «Кәсіподақ ұйымының қаржы саясаты» тақырыбында семинар өтті.
Филиалдардың есепші-мамандары қатысқан семинар жұмысын кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ашып, семинардың сәтті өтуіне тілектестік білдірді. «Кәсіподақ қаржысы әрбір мүшенің жарнасынан жинақталады. Кәсіподақ мүшелері бізге жарналарын бере отырып, оларды қолдануда біздерге үлкен жауапкершілік жүктейтінін ұмытпаған жөн» деген төраға қолданыстағы заңдар аясында салық төлеп, жинақталған қаржыны жарғылық міндеттерге мақсатты жұмсаудың маңыздылығын тілге тиек етті.
Семинарда алғашқы болып «Есеп саясаты. Жаңа шот жоспары» тақырыбы талқыланды. Кәсіподақтың облыстық ұйымының бас бухгалтері Гулия Акимбаева бухгалтерлік есепті дұрыс ұйымдастыру және есеп нысандары мен есептің мақсатына байланысты шоттарды топтастыру, бұлардың санын цифрлармен белгілеу жүйесін толығымен түсіндіріп өтті. Ал «Салық пен салық салудың 2019 жылғы ерекшеліктері» тақырыбын тарқатқан кәсіподақтың жетекші маманы-есепші Жанбота Ибраимова салық және басқа да заңнамаға өзгерістер енгізетін бірқатар өзге нормативтік актілер қабылданғанын айтып, бухгалтер қызметінің түрлі қырларына кеңінен тоқталды. Семинар тыңдаушылары салық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды, атап айтқанда биылғы жылғы өзгерістер: «Бірыңғай жиынтық төлем», «Тәуекелдерді басқару жүйесі», «Жеке табыс салығындағы өзгерістер» тақырыптарын саралады.
Күннің екінші жартысында есепшілер практикалық сабақ өтіп, 1С бағдарламасында бухгалтерлік есептілік жүргізудің тәртібі бойынша тәжірибе алмасты. Семинар соңында сұрақ-жауап сағаты өтіп, қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.
«Еңбекші»-ақпарат
-
Фото
-