АНА – ГҮЛ, АНА – ӨМІР ШЫРАҒЫ
Көктемнің алғашқы мерекесі – Халықаралық әйелдер күнінде аудан ұстаздарына құрмет көрсетілді. Білім қызметкерлері кәсіподағының аудандық комитеті Сырдария ауданы орталығы Тереңөзек кентіндегі №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейіндеардагер-ұстаздардың, білім мекемелерінде жұмыс жасайтын «Күміс алқалы» ұстаз аналардың, техникалық қызметкерлердің басын қосып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ұстаздардан жасақталған «Тұмар» бишілер тобының «Шашу» биімен ашылған шараға «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жанәлиева, аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сүюбаева, аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы А.Есназар қатысты. Мерекелік жиынның алғысөзінде «Сырдария ауданының әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ұ.Жанәлиева барша әйелдер қауымын мерекемен құттықтап, әркез әйел-аналардың орны бөлек екенін айтты. Оның ішінде, өзінің уақытын аямай, өзгенің бақытын аялаған ұстаз аналарға деген құрмет ерекше екенін жеткізді. Әйел – біл қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді. Сондықтан бірлестік төрайымы ана – өмір шырағы екенін тілге тиек етті.
Мұнан соң аудандық білім бөлімінің басшысы Б.Сүюбаева құттықтау сөз сөйледі. Бөлім басшысы Елбасы көп балалы аналарға қамқорлық жасауды тапсырғанын атап, соған орай «Күміс алқалы» аналарға құрмет көрсетіліп жатқанын айтты. Оған қоса, өз мамандығының білгірлері болған мерейлі ұстаздар мен білім ұйымдарында ұзақ жылдар еңбек етіп келе жатқан қызметкерлер де бар екенін атады. Түптеп келгенде, мұның барлығы әйел-анаға деген құрмет екенін жеткізіп, мерекемен құттықтады.
Сондай-ақ, мерекелік шарада ардагер-ұстаздар А.Ізбасарова, Г.Әбілова, Б.Бакирова, аудандық білім қызметкерлері кәсіподағы комитетінің төрағасы А.Есназар мерекелік лебіздерін жеткізді.
Шара барысында құрметті меймандар білім қызметкерлерін аудандық кәсіподақ комитетінің көп балалы ұстаз аналарға «Құрмет грамотасын», «Алғыс хаттарын» табыс етіп, сый-құрмет жасады. Мерекелік басқосуда көңілді әндер шырқалып, ұстаздар құрметке бөленді.