КӘСІПОДАҚТЫҚ ОҚЫТУ СЕМИНАРЫ
Ағымдағы жылдың 13 наурыз күні Жамбыл облысының Кәсіподақ үйінің мәжіліс залында кәсіподақтың құқықтық қызмет заңгерлері мен филиалдар аппаратының мамандарына арналған семинар өтті. Семинарда Кәсіподақтың облыстық ұйымының ХІІІ Конференциясының шешімдері аясында мүшелік ұйымдардағы құқық қорғау қызметі және ұйымдастыру жұмысын нығайтудың практикалық мәселелері кеңінен қаралды.
Семинардың ашылуында Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков кіріспе сөз сөйлеп, шараның маңыздылығына тоқталып, семинар жұмысына сәттілік тіледі. Күн тәртібіне сай алғашқы сұрақты да өзі саралап, кәсіподақ қызметінің негізгі бағыттарына тоқталды. Сондай-ақ, кәсіподақ мүшелігіне ынталандыру, мүшелік базаны кеңейту, кәсіподақ ұйымдарының қорғау міндеттемесінің тиімділігін арттыру сұрақтарына баса назар аударды. Ал төраға орынбасары Берік Баймағамбетов кәсіподақ заңгерлерінің тексеру жүргізу қызметінің заңнамалық негіздеріне тоқталып, білім мекемелеріндегі еңбек заңнамасының орындалуына қоғамдық бақылауды жүргізу, кәсіподақ ұйымдарында еңбек қатынастарының заңдылық жағдайын тексеру мәселелеріне жіті тоқталды. Кәсіподақ органдарындағы заңды және жеке тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі мен ерекшеліктері сұрақтарын да естен шығармады.
Кәсіподақ мамандары Алия Жолшыбекова мен Сандуғаш Шымырқұлованың «Жергілікті кәсіподақтың аумақтық ұйымдардағы іс қағаздарын жүргізу. Кәсіподақ құжаттарын рәсімдеу және кәсіподақ мүшелерінің есебін жүргізу тәртібі» сұрағы да тыңдаушылардың үлкен қызығушылығын туғызды. Семинар барысында кәсіподақтың ақпараттық саясаты, кәсіподақтағы орындаушылық тәртіптің жағдайы мен оның жетілдіру шаралары, құқықтық қорғаудың маңыздылығы мәселелері кеңінен талқыланды.
Қатысушылардың барлығы - кәсіподақ мамандары мен заңгерлері өз міндеттері жөнінде білім мен машықтарын пысықтап, өз функцияларын одан да жоғары деңгейде орындауға септік болатын игі шараны ұйымдастырушыларға зор ризашылықтарын білдіріп, ұсыныстарымен бөлісті.
Барлық қатысушыларға шара соңынан сертификат табысталды.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-