Алматы облысында кәсіподақ белсенділеріне құрмет көрсетілді
Еліміздің болашағы жас жеткіншектердің сапалы білім алуына атсалысып жүрген ұстаздарымыз баршылық. Оның ішінде кәсіподақ жұмысын жандандыруға белсене араласқан нәзік жандылардың еңбегі ескерусіз қалмақ емес.
Осы орайда, көктемнің шуақты күндерімен қатар келген 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы «Құрметтейік ананы!» атты салтанатты қабылдау өткізді.
Оған аудан, қалалардан және облыс орталығындағы жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының ұстаздары - кәсіподақ қозғалысының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары шақырылды.
Алматы облыстық ұйымының басшысы Садық Әбдіқадыров өз сөзінде кәсіподақтың атқарып жатқан жұмыстарына тоқталып, қоғамдық бірлестіктің алдағы мақсат міндеттерімен бөлісті. «Шаңырақ жауапкершілігімен қоса, қоғамда өз орны бар мықты маман, іскер азамат ретінде еліміздің өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып келесіздер. Сіздерге осы орасан еңбектеріңіз бен ерік-жігерлеріңіз үшін шынайы ризашылығымызды білдіремін», - деді Садық Нұрсапаұлы.
Сонымен қатар, ұйым төрағасы өскелең ұрпаққа сапалы білім берумен қатар қоғамдық жұмысты алып жүрген бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларын мерекемен құттықтап, әрқайсысына гүлшоғы мен сыйлықтар табыс етті.
Сүйінбай атындағы облыстық филармонияның әншісі Бақберген Асқарбеков қыз - келіншектердің құрметіне арнап әннен шашу шашты.
Қонақтар шара ұйымдастырушыларына алғыстарын білдіріп, жақсы көңілмен тарқасты.
-
Фото
-