Жастар – жарқын болашақ бастауы
Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында: «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясаттың басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын», – деген еді. Бұл ұсыныс қоғам тарапынан үлкен қолдауға ие болып, 2019 жыл «Жастар жылы» болып жарияланды. Осыған орай еліміздің түкпір-түкпірінде әртүрлі форматтағы іс-шаралар өтуде.
Ағымдағы жылдың 28 ақпан күні Панфилов ауданындағы Пенжім орта мектебінде «Жастар – жарқын болашақ бастауы» атты кездесу өтті. Кездесуге аудандық мәслихат депутаттары, аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, Пенжім ауылдық округі әкімдігінің аппараты және округ жастары қатысты.
Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Гимнімен ашылды.
Алғашқы құттықтау сөз кезегін алған Пенжім ауылдық округінің әкімі Е.Оспанбаев Жастар жылының жариялануы өскелең буынның еліміздің дамып өркендеуіне зор үлес қосуына мүмкіндік беретінін атап өтіп, осы жылы округ көлмінде атқарылатын іс-шараларға тоқталды.
Осыдан кейін жастар атынан Пенжім орта мектебінің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі, Білім және ғылым қызметкерлері салалық кәсіподағының Алматы облыстық ұйымы жанындағы жастар кеңесінің мүшесі Б.Мұратқызы сөз сөйледі. Ол жас ұстаздарды қолдауды арттыру, «Дипломмен ауылға!» бағдарламасын жандандыру бойынша ұсыныстарын білдірді. Кәсіподақ ұйымдары үнемі жас мамандарға ерекше қамқорлық танытатынын жеткізді. Облыстық кәсіподақ ұйымы мен аудандық кәсіподақ комитеті жанынан құрылған жастар кеңесінің де басты мақсаты – қоғамның қозғаушы күші жастарды қолдау екендігін және осы бағытта жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап айтты.
Ал, «Жас барыс» турнирінің жеңімпазы, самбо күресінің жаттықтырушысы Т.Ешен өз қатарластарын спортпен шұғылдануға, салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Кездесуге қатысушылардың бірі жастардың баспана мәселесі туралы ой қозғаса, түлектер оқу гранттарының санының артуы, 70 мың орындық жатақханалардың салынуы көңілге қуаныш ұялататынын тілге тиек етті.
Кездесу қонақтары, аудандық мәслихат депутаттары М.Әжібеков, А.Ходжамбердиев қазіргі қоғам жастарының ешқандай қиындықтарға қарамай алға ұмтылатындығы, мақсатқа жету жолындағы талпыныстарының зор екенін баса айтты. Ауыл ақсақалы Қ.Нүсіпов жаһандану заманында жастардың ұлттық салт-дәстүрін, тарихын, тілін ұмытпауы қажеттігін тоқталып, қатысушыларға ақ батасын берді.
Жастарға жігер берген кездесу Е.Түсбаевтың орындауындағы «Өз елім» әнімен қорытындыланды.
Ж.Кенжебек, Білім және ғылым қызметкерлері
Панфилов аудандық кәсіподақ комитетінің маманы
-
Фото
-