КЕМЕЛ ЕЛДІҢ ТҰТҚАСЫ – БІЛІМДІ ЖАСТАР
Жарқын болашаққа нық сеніммен қадам басқан әрбір жастың көкейінде белгілі дәрежеде жетістікке жетсем деген алға қойған мақсаты болады. Өркениет көшіне ілескен елдің жарқын саясатының негізгі тетігі келешек кәсіби тұрғыдан жетілген кадрдың сапалы білім алуына жағдай жасауға мүдделі. Ғасырлар бойы көксеген бабалар аманатын жарыққа шығару ақыл-ойы толысқан кез келген азаматтың еншісінде. Оның ішінде адам санасын ағартушы педагог қоғам өмірінің қозғаушы күші екені мәлім. Әрбір педагог жастың ізденіс үстінде жүріп, мамандығының қыр-сырын игеру жолында еңбек ету кәсіби біліктілікті қажет етеді. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» тақырыбындағы Қазақстан халқына Жолдауында биылғы жылды жастарға арнауды ұсынған болатын. Осы ретте «2019 жыл – Жастар жылы» аясында Білім және ғылым қызметкерлері Қызылорда облыстық кәсіподақ комитетінің бастамасымен, Сырдария ауданы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің базасында «Білімді жастар – жарқын болашақтың кепілі» тақырыбында аудандық жас педагогтардың форумы өтті.
Форумның алғашқы бөлімінде жас ұстаздар арнайы екі тарапқа бөлініп, семинар-тренингке қатысты. «Кәсіпкер жастар» тақырыбындағы тренигте №42 мектеп-лицейінің жас мұғалімі Гүлзат Абдрасилова қатысушыларды кәсіп ашуға бейімдігі мен қабілетін ашуда адам бойындағы қысаң қарекетті жою мүмкіндігінеой салды. Еркін форматтағы өзара тәжірибе алмасу алаңы көпшілік көңілінен шықты. Белгіленген уақыттың аясында кәсіп ашудағы негізгі міндет пен қағиданы ұғынған көпшілік бір-біріне нұсқаулық көрсетті. №132 орта мектебінің мұғалімі Гүлзат Аманкелдиеваның «Жастар жарқырайды...» тренингінде белсенді педагогтар кәсіби тұрғыдан өзіне қажетті мағлұматты ала білді. Жастар жылына байланысты өз ойларын ортаға салған жас маман белсенді болудың басты қағидатын ортаға салды.
Негізгі бөлімнің басталар сәтінде тренингтен алған әсерін жарыса айтқан ұстаздар қуанышында шек болған жоқ. Үлкен серпіліс сыйлаған шараның маңыздылығы жоғары екенін осыдан байқадық. Шара шымылдығын аудандық кәсіподақ ұйымының белсенді жастары қанатты сөздермен ашып, болашақтың іргесін жұдырықтай жұмылған жастар қалайтындығын жеткізді. Форум барысында Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Димаш Серікбайұлы Байдушев сөз алып, айтулы жылда ауданның жас педагогтары жарқын белесті бағындыруда белсенді жұмыс атқаратындығын атап өтті. Өз кезегінде өткен жылды табысты қорытындылаған бірқатар жас педагогтарды марапаттап, аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Аталған шараға білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының облыстық комитеті төрайымының орынбасары Гүлнар Есқалиева қатысып, облыс көлемінде ұстаздардың әлеуетін көтеру мақсатында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ауданда білім беру саласының шығармашылық істерімен қатар, өскелең ұрпақ тәрбиелеу жолындағы қажырлы еңбегі үшін бірқатар жас ұстаздар отбасыларына облыстық кәсіподақ комитеті атынан Астана қаласына туристік саяхатқа жолдама берді.
Сонымен қатар аталған шарада білім қызметкерлері арасында өзіндік белсенділігімен көзге түскен жас ұстаздар шығып сөйлеп, өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Шара барысында ұстаздар арасында өткізілген үгіт бригадалардың облыстық байқауының жеңімпазы №131Т.Қозыбаев атындағы орта мектебінің жас ұстаздарынан құралған «Кемел болашақ» тобы өнер көрсетті. Жас өнерпаз педагогтар ән айтып, би биледі.
Қызылорда облысы, Сырдария ауданы Алмас Есназар -
білім қызметкерлері аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы
-
Фото
-