
БАСТАУЫШ ҰЙЫМДАРҒА АРНАЛҒАН СЕМИНАР
Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының жұмыс жоспарына сәйкес айына екі рет оқу семинарлары ұйымдастырылады. Ондағы мақсат – кәсіподақ кадрлары мен активінің біліктілік деңгейін, сауаттылықтарын арттыру, алынған білім негізінде кәсіподақ мүшелерінің құқықтары мен мүдделерін кәсіби түрде қорғай білуі болып табылады. Бүгінгі өтіп жатқан семинарға жаңадан сайланған бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары шақырылған. Семинар жұмысы әдеттегідей «Кәсіподақ: тұлғалар, оқиғалар, деректер» атты кәсіподақ қызметінің сан қырлы қызметінен хабар беретін фильмді тамашалаудан басталды.
Алғашқы болып «Кәсіподақ ұйымдарының негізгі мақсат-міндеттері және құрылымы. Кәсіподақ мүшелігінің тиімділігі неде?» сұрағы қаралды. Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков аталған мәселе төңірегінде дәріс жүргізіп, кәсіподақ мүшелігімен қамтылудың артықшылықтары туралы айтты.
- Қалыпты дамып келе жатқан қоғамдық қатынастар кәсіподақ ұйымдарына жаңа талаптар қоюда. Қазіргі жағдайда жалдамалы еңбек адамының әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы саналуан мінддеттердің шешімінің табылуы кәсіподақ кадрлары мен белсенділерінің кәсіби даярлығына, біліктілігінің артуына байланысты. Сондықтанда, осындай оқуларды ұйымдастыру арқылы ең алдымен бастауыштардың төрағалары сауатты әрі білікті болуын мақсат тұтамыз, - дейді Ерұлан Мағзымбеков өз сөзінде.
Одан кейін тыңдаушылар Кәсіподақтың құқықтық қызмет басшысы-бас инспектор Берік Баймағамбетовтың «Ұжымдық шарт – мекемедегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу құралы» тақырыбы бойынша дәрісін тыңдайды. Онда 2018-2020 жылдарға арналып облыстық білім басқармасы мен білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы арасында жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісімнің артықшылықтары мен мүмкіндіктері, өзгеріске ұшыраған тұстары, оларды тиімді пайдаланудың жолдары туралы егжей-тегжейлі айтылатын болады.
Күннің екінші жартысында семинар тыңдаушылары-бастауыш кәсіподақ жетекшілері еңбек ақыларын есептеп үйренумен қатар, кәсіподақ қызметінің негіздерін меңгеріп, бастауыш ұйымдағы кәсіподақ жұмысы, ұжымдық шарт жасасу, кәсіподақтық ақпарат алмасу сынды тақырыптар бойынша білімдерін жетілдіре түспек.
Семинар соңында барлық қатысушыларға арнайы оқудан өткендігі туралы сертификаттар табысталады.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-