Текелі қаласында «Сағындырған әндер-ай» байқауы өтті
Білім және ғылым қызметкерлері Текелі қалалық кәсіподақ комитеті мен білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Сағындырған әндер -ай» байқауы өтті.
Шараның мақсаты- жастарды туған өлкесінің дәстүрін құрметтеуге және ұмыт болып бара жатқан мәдени мұраларды қайта жаңғыртуға шақыру, халқымыздың танымал тұлғаларының әндерін насихаттау, жастар арасындағы өзара байланысты нығайту, жастарға қолдау көрсетіп, тұлға бойындағы шығармашылық деңгейін көтеру.
№2 орта мектептің мәжіліс залында өткен шараға Текелі қаласындағы 8 мектептің жас мамандары қатысты.
Алғашқы «Қазақтың 100 әні» кезеңінде байқауға қатысушылар әуенді тыңдау арқылы әннің атын немесе авторларын табу керек болса, «Ән -жұмбақ» сайысында берілген әннің мәтінін интербелсенді тақтадан оқып, жалғастыруға міндеттелді. Ал, соңғы «Ән–көңілдің ажары» кезеңінде әр топ өз өнерлерін көрсетіп, бақтарын сынады. Берілген тапсырманы бірінші және дұрыс тапқан командаға әділқазы алқасының мүшелері 10 мен 50 ұпай көрсеткішпен бағалап, үздік шыққан командаларды анықтады.
Байқау қорытындысы бойынша І орынды №4 орта мектептің «Жастар», ІІ орынды №1 орта мектептің «Жеті нота», ІІІ орынды 3 орта мектептің «Лаула,Ұшқын» командалары еншілеп, білім және ғылым қызметкерлері Текелі қалалық кәсіподақ комитетінің дипломдарымен марапатталды. Қалған қатысушыларға ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Асан Тұрсынғалиев,Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы
Алматы облыстық ұйымына қарастыТекелі қалалық кәсіподақ комитетінің төрағасы
-
Фото
-