Болашақ жастардың қолында
Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында биылғы жылды Жастар жылы деп жариялаған болатын.
Ағымдағы жылдың 8 ақпаны күні Панфилов ауданында Жастар жылының ресми түрде ашылу салтанатына орай Қорғас орта мектебі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы У.Турдиеваның ұйымдастыруымен «Болашақ жастардың қолында» атты тақырыпта жас ұстаздармен кездесу өтті.
Шара барысында жас мамандар «Жастар жылы» атқарылуы керек жұмыстар, мемлекеттік жастар саясаты жөніндегі ойларымен бөлісті. Сонымен бірге тәуелсіздік жылдарынан бері қазақстандық жастардың білім мен ғылымда, өнерде, спортта, т.б. салаларда жеткен жетістіктерін атап өтті. Қорғас орта мектебінде де жетістікке жеткен жаңа буын өкілдері аз емес екендігін тілге тиек етіп, алдағы уақытта да жастардың қолынан келмейтін ештеңе жоқ екеніне сенім білдірді.
Осыдан соң жас ұстаз Ж.Ұланұлы қатысушыларды Жастар жылының логотипімен таныстырып, оның мағынасын түсіндірді. Мұндағы сары түс – позитив энергияны, мерекені, күннің нұрын, көгілдір түс – кеңдікті, шығармашылық әлеует пен достық қарым-қатынасты білдіреді. Көк түс – рухани тазалық мен кемелдікті, қызғылт-сары түс – тұрақтылықтың, қуаныштың, достық қарым-қатынастың символы екенін жеткізіп, жастарды белсенді болуға шақырды.
Шараның соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Жас мамандар мың бұралып билесе, енді бірі патриоттық әндер шырқап, көпшілік көңілінен шықты. Қорытынды сөз кезегін алған Қорғас орта мектебінің директоры Р.Бердібекқызы жас мамандарға алғыс айтып, ізгі лебізін білдірді.
Ж.Кенжебек, Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Алматы облыстық
ұйымына қарасты Панфилов аудандық кәсіподақ комитетінің маманы
-
Фото
-