ҰСТАЗ МӘРТЕБЕСІ – ҰЛТ БЕДЕЛІ
Елбасының жаңа міндеттер жүктеген «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында білім саласына айрықша мән берілген. Оның ішінде, Мемлекет басшысы мұғалімдердің беделін көтеруге қатысты нақты шараларды атады. «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын.Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс» деп атап көрсетті. Аталған заң жобасына байланысты қазіргі қоғамда қызу талқылау жүріп жатыр. Мұғалімнің мәртебесін көтеріп, оның әлеуметтік мәселесін дұрыс шешу – бұл жарқын болашаққа деген нақты қадам. Сондықтан ұстаздардың беделі биік болса, ұлттың да бағдары айқын болмақ.
Биылғы жылы қабылданатын Заңға аудан ұстаздары да үн қосып, өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Жақында аудандық білім бөлімінде кәсіподақ активі бас қосып, Заң жобасын талқылады. Жиынды Сырдария аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Есназар Алмас Зейноллаұлы ашып, «Педагог мәртебесі туралы»Заң жобасына тоқталып, онда қарастырылған педагог құқықтары мен әлеуметтік кепілдікті атап өтті.
– «Мектеп дегеніміз – бүкіл халық пен мемлекеттің тағдырын айқындайтын аса қуатты күш болып табылады» деген ұлағат бар. Ал сол мектептің жүрегі де, тірегі де мұғалім. Сол себепті де бұл мамандық ең құрметті, ең беделді кәсіп болуға тиіс. Оқушыларды, жастарды сапалы біліммен қамту тұрғысында ұстаздардың мәселесі шешім табуы қажет. Сол үшін Елбасы «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасын бекітуді тапсырды. Бұл бала бағбаны болған ұстаздарға деген құрмет, – деді кәсіподақ төрағасы.
Мұнан соң аудандық білім бөлімінің заңгері Д.Абдразақова, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері Ә.Сейтмұратова, Т.Дүйсенов, Ж.Сәркеева сөз сөйлеп, өз ойларын білдірді. Сондай-ақ, білім мекемелеріндегі бастауыш кәсіподақ ұйым өкілдері де ұсыныстарын айтты. Олар алдымен ұстаздардың әлеуметтік мәселесіне мән беру қажеттігін жеткізді.
Бірінші кезекте баспана мәселесі. Тұрғылықты баспана болмаған соң тәжірибелі деген ұстаздың өзі сапалы білім беру барысында сынға ұшырап жатады. Үй жоқ жерде күйдің де болмайтыны белгілі. Бұл тұрғыда, жоғары оқу орнын бітіріп, ауылдық жерге ұстаздық қызметке келген жас маман тегін тұрғын үймен қаматамасыз етілгені дұрыс дейді білім қызметкерлері. Сонымен бірге, қалалық жерде жұмыс істейтін мұғалімдер үшін кезексіз тұрғын үй беру мүмкіндігі қарастырылғанын қалайды. Оған қоса, мұғалімдерге мемлекет тарапынын пайызсыз несиелер берілсе деген ұсыныстарын да айтып қалды.
Одан кейін ұстаздар бұрынғы 25 жылдық еңбек өтілмен зейнеткерлікке шығуды қалпына келтіруді ұсынды. Әрине, ұзақ жыл еңбек еткен ұстаздың тәжірибесі мол. Алайда, егде тартқанша оқушылар алдында сабақ беру қиындық тудыратыны анық. Оның үстіне, мұғалім денсаулығы да сыр беріп жатады.Әсіресе, нерв жүйесі тозады. Сол себепті де 25 жылдық жұмыс өтілмен зейнеткерлікке шықса игі дейді ұстаздар.
Бұдан бөлек, мұғалімнің апталық жүктемесіне қатысты да ұсыныс айтты. Атап айтқанда, апталық жүктеме 14 сағат болып бекітілсе дегенді жеткізді. Бұл ұстаздар үшін тиімді. Сондай-ақ, жиынға қатысушылар Назарбаев зияткерлік мектебіндегідей мұғалім тек өз пәні бойынша сабақ беріп, сынып жетекшілігіне арнайы мұғалім бекітілу қажеттігін, ұстазға мемлекеттік білім стандартына сәйкес оқу бағдарламасын, оқу құралдары мен оқулықтарды өзі таңдау құқығы берілу керектігін тілге тиек етті. Оған қоса, ұзтаздарға тиісінше қосымша төлемақы мен үздік ұстаздарға көтермелеу сыйақылары берілсе деген ұсыныстарын да жеткізді. Жалпы, аудандық кәсіподақ комитеті ұйымдастырған талқы жиында ұстаз мәртебесін көтеруге қатысты жан-жақты пікірлер айтылып, жас толқынға сапалы білім беру мәселесі қозғалды.
Қызылорда облысы, Сырдария аудандық
кәсіподақ комитетінің маманы Ж.Қаймова
-
Фото
-