«Педагогтың кәсіби құзыреттілігі - білім сапасын көтерудің факторы» аудандық семинар-практикум
2019 жылдың 15 –ші ақпан күні Қарақия ауданы бойынша әлеуметтік серіктес Қарақия аудандық білім бөлімінің аудандық әдістемелік орталығы –іс-шара жоспары негізінде Құрық селосы, «Болашақ» балабақшасында аудандық мектепке дейінгі педагог қызметкерлерінің «Педагогтың кәсіби құзыреттілігі-білім сапасын көтерудің факторы» семинар-практикумы ұйымдастырылды.
«Болашақ» балабақшасының ұжымында 35 қызметкер жұмыс жасайды, оның кәсіподақ ұйымының мүшесі саны 32. Бұл шараға аудан бойынша барлық мектепке дейінгі ұйымынан жас маман тәрбиешілері, әлеуметтік серіктестеріміз атынан аудандық әдістемелік орталығының сектор меңгерушісі Қ.Қапарова, әдіскері М.Бақтыбаева, «Ғарышкер» балабақшасының директоры Г.Қаламбаева, «Айналайын» балабақшасының директоры А.Дүйсенова, аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Б.Тналиева барлығы 33 маман қатысты.
Семинар барысында балабақша директоры Г.Бөлтекова басқарған ұжым өз іскерлігін, бірізділігін көрсете білді, бағдарламаға сәйкес «Тәй-тәй» жаңа технологиясы бойынша тәрбиешілер А.Нұрмағанбетова, М.Бұсұрманова, Ж.Айнабаева, Н.Ерланқызы, Г.Садықова әдістемелік көмек беру мақсатында «Ұлттық құндылықтар-тәрбиенің бастауы» ашық ұйымдастырылған оқу қызметін жүргізді және сол тәжірибе бойынша екінші айналымды десант сабақ ретінде келген жас мамандар жүргізе білді.
Білгенімен бөлісетін осындай серіктестеріміз көбейіп ұстаздардың мерейін асырып жүрсін дейміз. Келесі бөлімде келген жас мамандардың ішінен екі топ құрылып «Педагогикалық ринг» іскерлік ойыны ұйымдастырылды. Бұл бөлімде педагогтар өз кәсіби шеберлігін шыңдап сол уақытта берілген тапсырманы ұжыммен бірлесе отырып шешуге ұмтылды. Ойын керемет әсер қалдырды.
Бұл ойынның қазылар алқасы мүшелері болып әлеуметтік серіктестер өкілдері аудандық әдістемелік орталықтың мамандары мен аудандық кәсіподақ ұйымы болды.
Келесі «Астарлы ақиқат» іскерлік ойының мақсаты қазіргі таңда қоғамда мәселе болып жүрген «Ұстаздар мәртебесі» туралы заң жобасын талқылау болды. Сарапшылар қатарында ұстаздар қауымының өкілі ретінде кәсіподақ ұйымы да қатыстырылды. Заң жобасы шеңберінде түрлі жағдайлар, бейнероликтер талқыланып, заң жобасына еңгізіліп жатқан өзгерістерге назар аударылды.
Қорытындысында педагогтар өз құқықтарын қалай қорғау қажет екенін ұғына білді. Семинар жоғары деңгейде ұйымдастырылды, қатысушы, өткізуші педагогтар алғыс хаттармен марапатталды. Ұжымдарды біріктіретін, кәсіби деңгейлерін көтеретін, өз құқықтарын қорғауға үйрететін осындай шаралар жалғасын таба берсін.
Маңғыстау облысы, Қарақия аудандық
кәсіподақ филиалының төрайымы Бақтыгүл Тналиева
-
Фото
-