Ұлы даланың жеті қырлы жастары
Елбасымыздың қай жолдауын алсақ та, жастарға қатысты жобалар мен бастамаларды ескеріп, жастарға ерекше көңіл бөліп келді. Ал биылғы жыл жастардың білім алуы, әлеуметтік жағдайы ерекше аталып өтіліп, 2019 жыл – «Жастар жылы» деп жарияланды. Біз үшін бұл – үлкен мәртебе!
Осындай жалынды жастарды қолдау мақсатында Қармақшы аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен «Ұлы даланың жеті қырлы жастары» атты облыстық жас педагогтар форумы болып өтті. Форум барысында әр ауданның жігерлі де жалынды педагог жастары Ш.Уәлиханов атындағы №26 мектептің кәсіподақ үйінде «Сенде бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та- бар қалан» атты дөңгелек үстелде бас қосып, шығармашылық жұмыстарын шыңдады. Әр ауданнан жиылған белсенді педагогтар жастар жылынан күтетін үміттерімен, тың идеяларын ортаға салып, қызу талқыға түсті.
Форум одан әрі аудандық мәдениет үйінде «Ұлы даланың жеті қырлы жастары атты» мерекелік кешке ұласты. Кеш аудан әкімі Мақашев Сұлтан Ысқақұлының жас педагогтарға деген құттықтау ізгі тілектерімен ашылды. Аудан әкімі түрлі іс-шараларға, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген ауданның педагог жастарын алғыс хатпен марапаттады.
«Отбасы кішкентай бір мемлекеттік ұя» дегендей, әдетте жақсылықтың бәрі отбасынан басталады. Білім саласындағы қызметімен отбасы жетістігін қатар ұштастырып жүрген жас ұстаздар отбасы қаншама. Ауданымыздың өнегелі де үлгілі жас ұстаздар жанұясын облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы, облыстық мәслихат депутаты Байназарова Райкүл Мансурқызы марапаттап, Астана қаласына жолдама ұсынып, жастар жылымен құттықтап ақ тілегін ақтарды.
Мерекелік кеш барысында ауданымыздың өнерлі жастары Қайнарбаева Гүлнұрдың орындауындағы «Қазақ елі» әні, «Жас қанат» жастар кеңесі мүшелерінің жастар биі және «Ризамын жастарыма» әні көрермен көңілінен шығып, ерекше қошеметке ие болды. Облыстық «Жолдау-өрлеу өзегі» атты үгіт- насихат бригадалар байқауының жеңімпаз №80 мектеп-гимназиясының «Рухани times» командасы ұсынған «Жалында, елімнің ертеңгі жастары!» атты койылымы көрермен жүрегінен жол тапты. Облыс бойынша білім саласында Жастар жылының тұсаукесері киелі Қармақшыдан бастау алып, білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің жанынан құрылған «Жас қанат» жастар кеңесінің төрағасы Ізкенов Қуандық Жақыпұлы, Қызылорда қаласының білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің жанынан құрылған жастар кеңесінің төрағасы Қуанышев Еркін Серікұлына эстафетаны тапсырды.
Жастар жылының өскелең жас ұрпақ үшін жасалатын жақсылығы, қияға қанат самғататын қуатты қолдау күші, барды баянды қылатын қарымды қажыр-қайраты, болымды да толымды қорытындысы, түптеп келгенде жемісті нәтижесі болатынына сеніміміз мол.
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы,
№80 мектеп-гимназиясының бастауыш
кәсіподақ ұйымының төрайымы И.Ахметова
-
Фото
-