Кербұлақ ауданында әлеуметтік әріптестік жөніндегі келісімге қол қойылды
Бүгін Кербұлақ аудандық білім бөлімінің басшысы Бексұлтан Ақылбек пен білім және ғылым қызметкерлері аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Жақан Дуанаев 2019-2021 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік жөніндегі келісімге қол қойды.
Жасалынған құжаттың мазмұнында білім мекемелеріндегі қызметкерлердің құқығының қорғалуына және ұстаздардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға баса назар аударылған. Үш жылға жасалынған келісімнің жұмыс жоспарында қажетті тақырыптар қамтылып, жылына үш рет әртүрлі мәселелердің есебі тыңдалатыны айқын көрініс тапқан.
Сонымен қатар, қос тараптың алты қызметкері комиссия мүшелері ретінде бекітілген. Олар белгіленген мерзімде ауданға қарасты білім ордаларындағы жағдайды бақылап, екіжақты комиссия отырысында баяндауға, басшылықпен кеңесе отырып шешім қабылдауға мүмкіндік алған.
Жиын барысында қоғамдық бірлестіктің басшысы Жақан Ноғайбайұлы сөз алып, бастама білім саласындағы түйткілді мәселелердің алдын алуға және дер кезінде қалпына келтіруге бағытталғанын айтып, бұл жұмыстың оң нәтиже беретініне сенім білдірді.
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы
Алматы облыстық ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-