
Ұлт ұлылығы - ұстаз мәртебесінде
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Қызылорда облыстық ұйымы» ҚБ ұйымдастыруымен қаңтар айының 25 күні ҚР Парламенті сенатының депутаты Мұхамедов Мұрат Бақтиярұлының қатысуымен «Педагог мәртебесі» заң жобасының тұжырымдамасы талқыланды. Жиынға колледж, мектеп директорлары, балабақша меңгерушілері, ұстаздар қауымы және кәсіподақ көшбасшылары қатысты.
Жиынды облыстық кәсіподақ комитетінің төрайымы Р.Байназарова ашып, Заң жобасын талқылаудағы басты мақсат Педагогтың қоғамда алатын ерекше рөлін, осыған сәйкес келетін жағдайды қамтамасыз ету, құқықтық мәртебесін сапалы жақсарту, оның әлеуметтік-экономикалық қорғалу кепілдіктерін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
«Педагог мәртебесі туралы» ҚР заң жобасына Қызылорда облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары А.Қасымова жалпы түсінік беріп өтті.
Талқылау барысында №15 мектеп-лицейінің директоры К.Серекеева Заң жобасындағы 30 жылдық педагогикалық еңбек өтілімен зейнеткерлікке шығуын құптаса, №1 мектеп-гимназия директоры Д. Абдраимов педагогтың әрі қарай жүмыс жасауға өз денсаулық жағдайына қарай ерік беру керектігіне тоқталды.
№112 мектеп-лицейінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Г.Омарова «Ы.Алтынсарин», «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иелерін қолдау ретінде қаржылай ынталандырылса, деп өз ұсынысын білдірді.
Сонымен қатар, Қызылорда қалалық кәсіподақ комитеті жанындағы Жастар кеңесінің төрағасы, № 218 орта мектебінің мұғалімі Е. Қуанышов: білім ордаларына ер азаматтарды көбірек тарту жөнінде өз ұсынысын айтты.
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша директоры Б. Елеусінов: «Мұғалімдерді даярлауға мемлекет тарапынан ерекше көзқарас керек. Мұғалім мәртебесін көтеру мәселесі кешенді жұмыс пен ғана шешіледі, мұғалім мамандығын таңдаушылардың деңгейін жоғарылату қажет, шәкіртақысын көбейтіп, үздік оқыған оқушыларды тартса», деді.
«Алтын ұя» балабақшасының меңгерушісі З.Ерназарова тәрбиеші мен мұғалім арасындағы жалақыларының алшақтығын айтты.
Заң жобасына өз ұсыныстарын колледж оқытушылары да білдірді. Колледж оқытушыларының жалақыларына санаттары үшін қосымша ақы төленбейтіндігін Сенаторға жеткізіп оң шешілуіне араласуын өтінді.
Біршама ұсыныс-пікірлерді тыңдаған ҚР Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлы Заңға, жалпы білім саласына деген өз көзқарасын жан-жақты, толық жеткізді. Бұл Заң жобасы республика көлемінде ең көп ұсыныс түскен, көпшіліктің қызығушылығын тудырып, талқыға салынған заң болғанын айтты.
Жиынды қорытындылай келе Сенатор педагог мәртебесін көтеруіміз үшін ең бастысы педагогтарды дайындайтын жоғары оқу орындарынан бастауымыз керек. Атап айтсақ, педагогтарды ұлттық, мемлекеттік оқу орындарының дайындағаны жөн екенін айтып, өз ойын білдірді. Сонымен қатар Заң жобасына жанашырлық танытып, өз ұсыныстарын бөлісіп отырған басшыларға, ұстаздарға, кәсіподақ көшбасшыларына рақметін айтып, ұсыныстарды Парламент комиссияларына жеткізетінін айтты.
Облыстық кәсіподақ комитеті алдағы уақытта да Парламент депутаттарымен ұстаздар қауымының кездесуін ұйымдастырады.
«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының
Қызылорда облыстық ұйымы» ҚБ Құқықтық қызмет жөніндегі бас маман Н.Утегенова
-
Фото
-