Жас ұстаздар форумы
2018 жылдың 22-23 қараша күндері Астана қаласында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Болашақ – білімді жастардың қолында» атты дәстүрлі VI Республикалық жас ұстаздардың форумы өтті.
Бүгінде әлем қарқынды түрде өзгеріп, Қазақстан жаңа белестерді бағындыру үстінде орасан зор жұмыстар атқаруда. Кәсіподақтар әрбір жастың өткенді құрметтейтініне, заманға сай батыл қадамдар жасай алатынына, болашаққа сеніммен қарайтынына, жауапты жұмысқа белсенді қатыса алатындарына сеніммен қарайды. Қазақтың сыршыл ақыны Мағжан Жұмабаев өзінің жыр жолдарында:
Көздерінде от ойнар,
Сөздерінде жалын бар...
Мен жастарға сенемін!- деуі де бекер айтылмаса керек. Олай болса, жаңа Қазақстанды бойларында жалыны бар, отансүйгіш, жаңашыл жастар ғана өркендете алады. Семей қалалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ комитеті де Ж.А. Кусаинованың қолдауымен және балабақша әкімшілігінің ұсынысымен осы форумға «№4 «Балдәурен» ясли-бақшасы» КМҚК-ның музыка жетекшісі, бастауыш кәсіподақ комитетінің белсенді мүшесі Джумагулова Арай Серікболқызының қатысуын лайық деп тапты. Форумнан ерекше жігерленіп қайтқан Арай Серікболқызы ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында бастауыш кәсіподақ ұжымының салтанатты жиналысында Астанада өткен дәстүрлі VI Республикалық жас ұстаздардың форумынан алған әсерімен бөлісті. Еліміздің түпкір-түпкірінен келген жас ұстаздармен емін-еркін араласып, еліміздің бүгіні, ертеңі, болашағы туралы өз ойларын ортаға салғандары туралы тебірене әңгімеледі. Форумда Елбасымыздың Жолдауында айтылған «Ұстаз мәртебесі туралы» Заңды қолдау мен Жастар жылын атап өтудегі салалық кәсіподақтың үлесі талқыланғандығын атап өтті. Форумның салтанатты мереке түрінде ғана емес, сондай-ақ, кездесулер мен секцияларда жас ұстаздардың өздерін толғандыратын мәселелерді талқылап, оларды шешу жолдарын ұсынғандарын, өз іс-тәжірибелерімен бөліскендерін ерекше айтып өтті. Әсіресе, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Г.Г.Шиповскихтің «Педагог мәртебесі туралы» Заң жобасына қатысты өз ойын таза қазақ тілінде білдіргені жас ұстазымызға ерекше қуаныш сезімін ұялатып, үлгі болыпты. Форумның екінші жартысында Тұңғыш Президент музейіне экскурсияға барғанда, Елбасымыздың өнегелі өмір жолымен толықтай танысқанын әңгімелеп, осындай форумдар жастарды жігерлендіріп, кәсіподақтар жұмысына белсенді қатысуға жетелейтінін мақтанышпен айтты.
«Қоғамдағы, білім саласындағы жаңғыру үдерісіне зор серпін беретін, жастарды қолдайтын, шыңдайтын кәсіподақтар жұмысы әрқашанда биіктен көрінсін, қалалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы комитетіне білдірер алғысым шексіз , – деп Арай Серікболқызы өз сөзін қорытындылады.
«№4 «Балдәурен» ясли-бақшасы» КМҚКбастауыш кәсіподақ
комитетінің төрайымыМухаметкалиева Кенжегуль Акановна
-
Фото
-