Алакөлдіктер ХVI есеп беру-сайлау конференциясын өткізді
Бүгін Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Кеңесінің 2018 жылдың 21 ақпанындағы № 4 Қаулысына сәйкес білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымына қарасты Алакөл аудандық кәсіподақ комитетінде ХVI есеп беру-сайлау конференциясы өтті.
Аталмыш жиынға білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров, Алакөл аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Берік Серғазин және білім мекемелерінен барлығы 64 делегат қатысты.
Қоғамдық бірлестіктің соңғы бес жылда атқарған жұмысын Алакөл аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Кенжебек Алпысбаев баяндап, кәсіподақтың жұмысының барлық негізгі бағыттарын қамтып, әлеуметтік әріптестік негізде аудандық білім бөлімімен бірлесе 3582 кәсіподақ мүшесінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауда атқарған жұмысына тоқталды.
Сонымен қатар, жақында жарияланған Елбасының Жолдауы комитет төрағасының қатысуымен 14 еңбек ұжымында талқыланып, онда 300-ге жуық адам қамтылғаны белгілі болды.
Жиында тексеру комиссиясының есебі де назардан тыс қалмай, мүшелік жарнаның мақсатты жұмсалғанына делегаттер көз жеткізді.
Комитеттің атқарған жұмысына кәсіподақ белсенділері Сәуле Садиева, Рая Марқабаева, Жанар Маусымбековалар қанағаттанарлық деген баға берді.
Маңызды есеп беру-сайлау конференциясына қатысқан Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Нұрсапаұлы аудандық комитетке алдағы 5 жыл мерзіміне төраға сайлау керектігін айтып, Алпысбаев Кенжебек Сибағатұлының кандидатурасын ұсынды.
Шарада конференция делегаттары бірауыздан ұсынысты қолдап, Талдықорған аумақтық ұйымының Конференциясына баратын делегаттар тізімін нақтылады.
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы
Талдықорған аумақтық ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-