Жолдауға қолдау. Қоғамның даму күші – жастар еншісінде.
2018 жылдың 5 қазан күні Елбасының дәстүрлі Жолдауын онлайн үлгіде зор ықылас-ынтамен тыңдадық. Жолдау – экономикалық даму мен өмір сапасын арттыруды үйлестіріп, біртұтас қарастыруымен ерекшеленді. Мемлекет басшысы Қазақстандықтардың әл-ауқаты, ең алдымен, табыстарының тұрақты өсімі мен тұрмыс сапасына байланысты екенін атап өтті. Әрине, өзім педагог болғандықтан Жолдаудың адам дамуы мен білім беру бағыттарына ерекше ден қойдым.Сол жолдауда мұғалімнің мәртебесін көтеру туралы Елбасының айтқан сөзі бәріміздің көңілімізден шығып, үлкен қуанышқа бөледі. Өйткені, мұғалімдердің мәртебесін көтеру – елдің мәртебесін көтеру. Болашақ ұстаз да, дәрігер де, инженер де, біздің еліміздің болашағын жасайтын азаматтардың бәрі мұғалімнің тәрбиесінен өтеді. Тарихтағы көптеген ұлылар өзжетістіктеріне мұғалімдерінің арқасында қол жеткізді. Оған дәлел, әйгілікомпозитор Людвиг Ван Бетховен өзінің алғашқышығармасын 12 жасында өзмұғалімінің көмегімен жарыққа шығарды. Мектеп мұғалімі Исаак Ньютонның сирек қабілетін байқап, оныанасы мектептен біржола алып кеткісі келгенде, анасынбаланың оқуды жалғастыруына көндірген де мұғалім.Галилео Галилей тек ұлы ғалым ғана болмаған, ол мұғалім де болды.
Мұғалім десе, бұрындары, кез-келген жанның көз алдына тақылдатып туфлиін киген, үстінде шаң қонбаған аппақ жейдесі, саусақтарында бордың жұғыны, қолында журналы, сөмкесінде қалам,қарындаштан бос орын жоқ жан елестейтін. Қазір де сол, тек өзгешелеу... Аула сыпырып,сайлауға жүгіріп, қағазбастылықтан бас көтере алмай жатқан жан қоса елестеп тұрады. Ұстаз деген ізденімпаздықты талап ететін мамандық. Сондықтан, оларда оқушыға лайықты білім беру үшін уақыт тапшылығы болмау керек. Осы тұста Елбасымыз: «Жергілікті жерлерде мұғалімдерге кез келген жұмыс тапсырылады. Мұғалімдер сайлау өткізеді. Насихат жұмыстарын да ұстаздар жүргізеді. Бірнәрсе қажет болса, мұғалімдер жіберіледі. Сол үшін оларға ешкім ақша төлемейді. Бұл жұмыстардан оларды босату керек. Олар сабаққа дайындалу керек қой. Уақытында ғана жұмыс істеуі қажет. Тіпті оларды орынсыз тексере береді. Аталған заң осы үшін қажет», - деп сөзін түйіндеген болатын.
«Мұғалім ісі сырттай қарапайым болғанмен – тарихтағы ең ұлы істің бірі»- дейді Ушинский,қазіргі қоғам мұғалімдіктің тек қарапайым тұсын ғана байқап тұрғандай. Ата-аналар да ұстаздың міндетіне қатты көңіл бөліп, оның құқын есепке алмайды. Оқушы мен ата-ана өз міндетін ұмытады да, мұғалімнің міндетіне баса көңіл бөледі. Бір мектепте қандай да бір келеңсіз жағдай болса, оның ақ-қарасына терең бойламай, телеарналар 10-20 рет қайталап бере береді. Сол арқылы рейтинг жинауды мақсат қойып алған. Түрлі суицидтердің өзіне халық мұғалімді кінәлаудан шаршамайды. Оның артында мағынасы терең психологиялық басқа жағдайлардың жатқанын бәрі де біледі, бірақ айналып келіп мектептен көреді, ұстаз кінәлі. Қазір мұғалім оқушыға талап қойып, «неге сабақ оқымай келдің?» деп дауысын қатайтып сұраудан қорқатын болды. Енді қабылданғалы отырған заң осы мәселелердің түйінін тарқатады деп сенеміз.
Сонымен қатар, Елбасымыз жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау - мемлекеттік саясаттың басымдығына айналуы тиістігін атап өтті. «Жастар мен отбасы институтын кешенді қолдау – мемлекеттік саясатының басымдылығына айналуы тиіс. Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды Жастар жылы деп жариялауды ұсынамын», - деді Президент. Қоғамның даму үдерісін ілгерілетудің жетекші күші жастар екендігі ақиқат дүние. Елбасы Жолдауы жастардың болашаққа деген сенімін арттыра түсті. Енді алдымызда бар күш-жігерімізді аямай, жұмыла еңбек етіп, тәуелсіз еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосу міндеті тұр. Сондықтан, жан-жақты қамтыған әрбір міндеттемеге жұмыла атсалысып, бірлесе күш қосу, әсіресе, жастар серпінін арттыру өте маңызды. Күш-жігері, білімі, білікті, ізденістерге толы, әр сабақты бір ғажайып шараға айналдырғысы келетін жас та, талантты ұстаздар біздің ауданымызда жетерлік. Осы орайда, Білім және Ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы комитетінің жанынан құрылған аудандық Жастар кеңесінің төрайымы ретінде, Елбасының Жолдауына қолдау көрсете отырып, еліміздің экономикасы мен әлеуметтік өсуіне біз, жастар, өз үлесімізді қосамыз. Бүгінгі мектеп партасында отырған оқушы – ертеңгі мемлекет иегері. Тәуелсіз Қазақстанның дамыған мемлекеттер қатарынан көрінуінің бір ұшы осы бүгінгі ұрпақта жатыр. Әрбір жастың бойында елімізге деген жалынды от болуы керек. Сөзімді қорытындылай келе, Мағжан Жұмабаев атамыздың «Мен жастарға сенемін» деген сенімінің орындалып жатқаны ақиқат. Сол сенімді орындап іске асыруда әрдайым белсенді болайық, жастар, дегім келеді.
Шынарбаева Камшат,Алматы облысы, Кербұлақ ауданы,
Д.Қонаев атындағы орта мектептің
бастауыш сынып мұғалімі, кәсіподақ мүшесі