ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ҮЗДІК ҰСТАЗДАРЫНА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Кешегі өткен ұстаздар күні мерекесінде «Баласағұн» орталық концерт залында салтанатты жиын болды. Ұстаздарды ұлықтап, құрмет көрсетілген «Ұстазға тағзым!» атты шарада ұлы мамандық иелерін алғашқы болып облыс әкімінің орынбасары Бекболат Орынбеков құттықтады.
- Қымбатты ұстаздар! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Ұстаз – ұлы есім. Ұрпақ болашағының қандай болмағы ұстаздарға байланысты. Әлеуметтік жауапкершілігі мол осы ұлы міндет – педагогтерге жүктелген. Сондықтан осы қасиетті мамандық иелерінің мерекесі – барша халыққа ортақ мереке.
Бүгінде мемлекет тарапынан педагогтердің шығармашылығын шыңдап, белсенді еңбек етуіне қолайлы жағдайлар жасалып келеді. Жаңартылған білім мазмұны бойынша сабақ беретін 16 мыңнан астам мұғалімнің жалақысы 30 пайызға көбейді. Біліктілік санаттары үшін 2000 астам мұғалімнің лауазымдық жалақысына 1 қыркүйектен бастап 30-дан 50 пайызға дейін қосымша үстеме ақы қосылды. Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында мұғалім мәртебесін көтеру мақсатында нақты міндеттер белгілеп отыр. Келесі жылы «Педагог міртебесі туралы» Заң әзірлеп, қабылдау өажет екенін ескертті. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепге дейінгі мекемелер қызметкерлерін жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалайтыны анық, - деді өз сөзінде облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Құттықтау сөзден кейін Бекболат Серікбекұлы облыстың білім беру жүйесін жетілдіруге қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгісімен, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен бірқатар ұстаздарды марапаттады. Сондай-ақ, республикалық «Үздік педагог» атағын беру конкурсына облыс бойынша қатысқан 194 педагогтың республикада топ жарған «Үздік педагог – 2018» байқауының жеңімпаздары, «Үздік педагог» төсбелгісі мен 2 млн. 405 мың теңге сыйақының иегерлері - Тараз қаласындағы ерекше дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» мектеп-интернатының математика пәнінің мұғалімі Нариман Қиялбековты, Байзақ ауданындағы №1 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Үміт Сүгірбекованы, Тараз қаласындағы №24 гимназияның бастауыш сынып мұғалімі Наталья Полухинаны, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің арнайы пән оқытушысы Райхан Шуленбаеваны марапаттады.
Педагог кәсібінің мәртебесін арттыру және кәсіби қызметте жоғары жетістіктері бар шығармашыл педагогтерді анықтау мақсатында облыс әкімінің бастамасымен ұйымдастырылған «Үздік педагог» сыйақысының иегерлері де осы салтанатты шарада ұлықталды. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков пен облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова 150000 теңгелік сертификатпен облыстағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында қызмет ететін 7 мыңға жуық тәрбиешілердің арасынан «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогы» номинациясымен Меркі ауданы, «Балдәурен» балабақшасының педагогі – Зауреш Қартайғанованы марапаттады. Ал 25000-ға жуық мектеп ұстаздарының арасынан «Білім-инновация» мамандандырылған дарынды қыздарға арналған мектеп-интернатының ұстазы Зоя Аманжолова оза шықты. Балалардың интеллектуалдық, шығармашылық қабілеттерін дамытуға елеулі үлес қосып жүрген 2000-нан аса педагогтың арасынан «Қосымша білім беру ұйымының үздік педагогы» номинациясын Жамбыл ауданы, М.Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің мұғалімі – Сәуле Маманова иеленді. «Арнайы білім беру ұйымының үздік педагогы» номинациясымен 500-ге жуық педагогтың арасынан жеңімпаз атанған облыстық саңырау және нашар еститін балаларға арналған «Мейірім» арнайы түзету мектеп-интернатының педагогы Наталья Каранда мен техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінің 2500 аса қызметкерлерінің арасынан үздік шыққан Жамбыл экономика және ақпараттық технологиялар колледжінің оқытушысы Төлеген Ахметов үздік деп жарияланды. Барлық жеңімпазға кәсіподақ ұйымының қаражаты есебінен 150 000 теңге көлемінде сыйақы табысталды.
Өзгенің бақытын аялай, өзінің уақытын аямай еңбек еткен батыл мамандық иелеріне арналған мерекелік шараны шәкірттердің шынайы жүректен шыққан әндері әуелете түсті.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-