Деннің саулығы – өнімді еңбек етудің басты шарты
Денсаулық – адамзат үшін бірінші байлық десек, демек адам капиталының басты құндылығы екені даусыз. Деннің саулығы – өнімді еңбек етудің басты шарты.
Осыған орай жыл ішінде және еңбек демалысы кезінде мұғалімдерімізге денсаулықтарын түзеп, тынығу үшін кәсіподақ тарапынан жеңілдетілген жолдамалар берілді. Мұғалімдерге 30 пайыздық, кіші қызметкерлерге 50 пайыздық жеңілдетілген жолдамалар қарастырылған. Оқу жылының соңында жазғы еңбек демалысы қарсаңында барлық білім мекемелеріне баруға болатын шипажайлардың тізімі жіберілді. Түскен өтініштер бойынша демаламын деушілерге ешқандай бөгетсіз жолдамалар берілді.
«Сарыағаш», «Алғабас», «Ақжайық» «Жаңақорған» шипажайларына 2018 жылдың 8 айында барлығы аудандық кәсіподақ көмегімен 21 мұғалім демалып келсе, облыстық кәсіподақ тарапынан 4 мұғалім 100 пайыздық жеңілдік жолдамасымен қамтылды.
Жылдағы дәстүрімізден жаңылмай қызметкерлердің қызмет барысында құлшынысын арттыру, моралдық және материалдық қолдау мақсатында мерейлі 50, 55, 60 жасқа толғандарды түрлі деңгейде марапаттап, қаржылай сыйлықтар берілді. Бұл ретте педагог қызметкерлер арасындағы кәсіби олимпиадаларға демеушілік жасалғанын ерекше атап өткен жөн. Жыл басынан бері түрлі байқаулар өткізіліп, барлығы дерлік қаржылай және бағалы сыйлықтармен кәсіподақ атынан марапатталды.
Кәсіподақ еншісінде ауырып-сырқаған, ота жасалған қызметкерлерге, аз қамтылған отбасыларға қаржылай көмек көрсету де бар. Бұл ісіміз – аз да болса көңілдері күпті қызметкерлеріміздің мұң-мұқтажын ескеріп, қайғысымен ортақтасқанымыз деп ойлаймыз. Ағымдағы жылдың ішінде сондай 32 адамға қаржылай көмек көрсетілді.
Ел ертеңі – бүгінгі салауатты буын. Салауатты мемлекет құруды көздеген Елбасы саясаты негізінде алдағы уақытта да қызметкерлерге кәсіподақ тарапынан сан түрлі қолдаулар жалғасын таба бермек. Бұл өз кезегінде табысты еңбек, сапалы қызмет көрсетудің кілті.
Ибраев Қуанышкерей, Ақтөбе облысы,
Қобда аудандық білім қызметкерлерінің
кәсіподағы ұйымының төрағасы
-
Фото
-