СҰЛУ КӨКШЕ ЖЕРІНДЕ
Жаз мезгілі - мектеп оқушылары үшін ерекше ықыласпен күтілетін уақыт. Жыл бойы сабақ барысындағы тоқсан арасындағы берілетін күндер демалыс болып есептелгенімен, жаз кезіндей демалыстың мол мүмкіндігін бере алмайды. Жазғы демалыс – мектеп оқушыларының жалпы физиологиялық, сана – сезімдік, дүниетанымдық тұрғыда даму, жетілу кезеңі. Бастауыш сыныптарының балалары үшін бұл уақыт тән – тұрпаттың табиғатпен ерекше үндестік тауып, дүниетаным аясы кеңейетін, көзқарас қалыптасып, үйренуге ықыласы артатын жылдың тамаша мезгілі.
Жаз мезгіліндегі бұл уақыт балалардың негізгі сабақтан, үйреншікті тіршілік қарекетінен босап, өзін қызығушылығымен айналысуына мүмкіндік береді. Бос уақыт дене және ақыл-ой қызыметін тынықтыратын, қарым-қуатты жетілдіретін іс-әрекетке жұмсалуы жөн. Әйтсе де тыныға жүріп, ойын барысында балалардың шынығу – шындалу мәселесімен қатар, түрлі бағыттағы іс-шараларға тарту арқылы тәрбиелеу маңызды.
Осыған орай, білім қызметкерлер балаларының жазғы демалысын ұтымды пайдалану мақсатында Қармақшы аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің бастамасымен ауданымыздан 47 білім қызметкерлерінің балалары, 4 жетекші, 1 медбике болып сұлу Көкше жеріне 10 күн демалуға аттандық. Балалармен бірге Қызылорда қаласынан «Көкшетау» поезына отырып, екі күн жүріп Көкшетау қаласына да жеттік. «Балалы үй – базар», демекші балалармен бірге жүрген қызық қой. Поез үстіндегі екі күніміздің қалай өткенін де байқамай қалдық.
Арқаның кербез сұлу Көкшетауы.
Дамылсыз сұлу бетін жуған жауын.
Жан-жақтан ертелі-кеш бұлттар келіп,
Жүреді біліп кетіп есен-сауын.
Сексен көл Көкшетаудын саясында,
Әрқайсы алтын кесе аясында.
Ауасы дертке дауа, жұпар иісті
Көкірек қанша жұтса, тоясың ба?,- деп ақын С.Сейфуллин жырлаған жер жаннаты Көкше жерін көріп, тамсанған балалардың қуаныштарында шек болмады. Иә, айтса айтқандай тамылжыған табиғат, сыңсыған орман, қарағай, аққайың, шырша, жиде секілді ағаш түрлері қоршаған нағыз табиғат аясында демалу әркімнің де арманы ғой. Сәби жүректердің сол арманға жетуіне үлес қосқан басшылар мен олардың ата – аналарына деген ризашылықтары шексіз. Осындайда сұлу табиғатты суреттеген Сәкен ағамыздың мына өлең жолдары еріксіз ойға оралды.
Ырғалған көкке бойлап қарағайы,
Қасында көк желекті әппақ қайың,
Жібектей желмен шарпып төңіректі,
Балқытып мас қылады иіс майы.
Қарағай биік шыңды қиялаған.
Еш адам оны барып қия алмаған, -
Шаңқылдап тау жаңғыртып, шыңға қонып,
Жалғыз-ақ көк қаршыға ұялаған.
Көкпеңбек шың басынан мұнар кетпес,
Басына атсаң-дағы оғың жетпес.
Бір жұтсаң Көкшетаудың жұпарынан,
Өлгенше көкірегіңнен құмар кетпес.
Иә, бұл жердің табиғатының сұлулығын сөзбен айтып жеткізу өте қиын. Орман ішінде орналасқан тынығу лагерінде аты айтып тұрғандай, құдды бір ертегі әлемінде жүргендей сезінесің өзіңді. Бұл тылсым табиғат әсіресе Байқоңыр өңірінің шаңды дауылынан барған біздің балалар үшін керемет тосын сыйдай көрінді. Орман ішінде балалармен бірге ойын ойнап жүргенде тиін, қоян, елік секілді орман аңдары қасымызда жүгіріп жүрді. Бұл көрініс те балалардың қызығушылығын тудырды десек артық емес. Ең қызығы сол аңдардың бізбен бірге суретке де түсіп қалып жатқандығы болды. Дәл осындай көк шалғынды табиғат аясында демалып қайтқан балаларымыздың қуаныштарын айтып жеткізу де қиын. Балалар Көкшетау облысы, Шучинск ауданының Катаркол селосының бойында орналасқан «Лесная сказка» жазғы лагерінде демалды. Лагерь директоры Талғат Кенжебайұлы Исабаев, директордың орынбасары Аэлита Тоқтарова және Аида, Мадина, Айзада, Диас, Аралы, Наурызбай сынды тәлімгерлер бізді күтіп алып, корпусқа қарай бағыттады.
Біздің оқушыларымыз 4 топқа бөлінді. Жасағымызда ауысымның барлық күндері толыққанды, түрлі кездесулер мен іс-шараларға толы болды. «Лесная сказка» лагерінің педагогтары, вожатыйлары, сондай-ақ, әкімшілігі балалардың құрбылары және үлкендермен қызықты, әрі пайдалы қарым-қатынасы үшін барлық мүмкіндікті пайдаланды.
Жасақ өмірін ұйымдастырудың мүлтіксіз шарты балалардың шығармашылық шеберлік жұмысына қатысуы болып табылады. Жазғы лагерьдің сауықтыру өмірі – бұл оңтайлы қозғалыс тәртібі, құнарлы тамақтану, гигиеналық дағдылар және салауатты өмір салты. Әр күні дене тәрбиесі бағытында түрлі іс-шаралар өткізілді. Таңғы жаттығу, бассейнде жүзу, күн сайынғы қозғалыс ойындары, секциялар және студиялар, көңілді демалыс балаларға пайдалы қуат берді. Лагерь асханасындағы уақытымен берілетін 5 мезгіл тамақ пен шомылу бассейіні де балалардың денсаулығына үлкен көмек болды.
Жарқын, қызықты, еліктіргіш «Көңілді старттар», «Жасыл әлем», дойбы, шахмат, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, бойынша турнирлер, таза ауадағы қозғалыс ойындары баланың қимыл-қозғалысының дұрыс қалыптасуына мүмкіндік береді.
Балалар барлық іс-шаралар мен конкурстардан 4 жасақ арасында әр кез бірінші бола отырып, жүлделі орындарды иеленді.
Сонау Көкше жерінде 10 күн бойы бірге ойнап, бірге күліп, қызықты сәттерді бастарынан кешірген балалар Қызылордаға келіп өз ауылдарына тарасқанда бір – бірімен қимай қоштасты. Бұл демалыс балалар үшін балалық өмірдің ұмытылмас сәттерінің бір сарасы болды десем артық емес. Балаларымыздың осындай естен кетпес қуанышты сәттері лайым көп болғай деп тіледік.
Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы , Төретам кентіндегі
№80 мектеп – гимназиясының әлеуметтік педагогыКисикова Даражан
-
Фото
-