«Мұғалім көшбасшылығы – білім берудің трансформациясы» аймақаралық жас педагогтардың форумы
Маусымның 25-29 аралығында Павлодар облысының қасиетті Баянауыл жерінде жас педагогтардың аймақаралық жазғы лагері өтті. Аталмыш Форумға Ақсу қаласының атынан жастар кеңесінің мүшелері, қаламыздың белсенді жас ұстаздары қатысты. Жыл сайын өтетін жас педагогтардың жазғы лагеріне биыл екінші рет қатысып отырмын. Әр жыл өз тақырыптарымен ерекше. Осы жылғы тақырып: «Мұғалім көшбасшылығы – білім берудің трансформациясы».
Форумның басты мақсаты жас педагогтардың көшбасшылық қасиеттерін дамытып, пікір алмасып, достық қарым-қатынас орнату. Бес күнге созылған лагерьдің бірінші күні Павлодар облысының киелі жерлеріне экскурсиядан басталды. Мәшhүр-Жүсіп кесенесіне барып, құран оқытылып, дұға тілек тіледік. Кешкісін «Жан» демалыс үйіне келіп орналасып, топтарға бөлініп, шығармашылық кешпен аяқталды.
Екінші күн таңғы жаттығумен басталып, шараның салтанатты ашылуына да жеттік. Міне, алғы сөздің басын Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы төрайымының орынбасары Айгүл Мақсатқызы Мұқашева былай бастады: «800 мыңнан астам мүшенің 40 пайызы жастардың үлесін құрайды. Республика деңгейінде жас ұстаздардың көшбасшылық қасиеттерін дамыту жөнінде көптеген игі шаралар жасалып жатыр».
Форумға арнайы келген қонақтарымыз Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының бас маманы – Әлиев Батыр Әлиұлы және РФ Новосібір облысының өкілдері қатысты.Өз жұмысында жобалық менеджменттің заманауи технологияларын пайдаланатын креативті көшбасшы, «Павлодар облысының кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрайымының міндетін атқарушы Айтжанова Динара Нұржанқызы, «Рухани Жаңғыру бағдарламасы аясында жобалық басқару» семинарын өткізді.
Павлодар облыстық мәслихатының депутаты, «Жаңғыру жолы» Республикалық жастар қозғалысы штабының төрайымы, «Дарын» жастар мемлекеттік сыйлығының лауреаты - Элина Паули «Көшбасшылық және толеранттық» тренингін жүргізіп, топ бойынша ойындар өткізді.
Бүкілресейлік білім беру одағының Орталық кеңесінің жанындағы жас оқытушылар кеңесінің мүшесі, Новосибирск қаласының Ленин аудандық кәсіподақ ұйымы жанындағы жастар кеңесінің төрайымы Мальцева Анна Александровна «Қазіргі педагогикалық қызметкерлердегі Soft skills дамыту» мастер-классын өткізді.
«Жеке қасиеттерді модульдеу үдерісіндегі маңызды қабілеттердің негізі» атты тимбилдингін ПМПУ-нің Жастар саясаты департаментінің директоры Күнтуған Еркебұлан таныстырды.
Жас көшбасшы қандай болу керек? Оларды қандай сұрақ мазалайды? Көшбасшылар білім берудегі трансформациялауда қандай рөл атқарады? Олар білім берудегі дамыту бағдарламасына қалай қатысады? Міне осы сұрақтарғаПавлодар облысының жас спикерлері Карпеченко Дмитрий мен Абильдинова Айнұр өз ойларын оратаға салды.
Соңғы жылдары білім беру саласындадағы облыстық кәсіподақта жастар қозғалысы күрт өзгеріп, қарқынды даму үстінде. Бұл жұмысты тиісті бағытқа қоя білген басшымыз, Білім және ғылым қызметкерлері одағының Павлодар облыстық ұйымының төрайымы Наурызбаева Гүлбарам Әуезханқызы жас педагогтарға, табиғат аясында білім нәрімен сусындап, жақсы демалып, уақытты тиімді өткізуге сәттілік тіледі. Кешкісін спорт ойындары мен кешкі бағдарламаға жалғасты.
Үшінші күні, «Өрлеу» педагогтардың біліктілігін арттыру институтының тренері Идилуп Айман Төлегенқызы, «Сөйлеу барысында басқа тыңдаушыларды қызықтыру әдісі» тренингімен жас ұстаздарды өзіне қарата алды. «Старап жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру» семинар-тренингтіПМПУ-нің коммерцияландыру бөлімінің басшысы Өтебаев Елнар Шонанұлы жалғастырды.
Осыдан үш жыл бұрын екі кәсіподақ арасында өзара жұмыс жасау жөнінде меморандумға қол қойылды. Сол мерзімнен бастап өзара тәжірибе алмасу бағытында қарқынды жұмыстар жүріп жатыр, әсіресе, жастар арасында пікір алмасу әрекеті өте белсенді екенін атап өту керек.
«Жас педагогты шығармашылық тұрғыда дамыту және кәсіби өсуіне жағдай жасау» тақырыбында Ресейден келген қонағымыз Дель Людмила өз мастер-классын көрсетті. «Мен мұғаліммін. Демек, көшбасшымын!» Куча-печа, дебат ойындарын әріптестеріміз Амиркашев Бекжан мен Рыспеков Санджар өте жоғары деңгейде өткізді. Сонымен қатар, ағылшын тілі кешінде бір бірімізбен ағылшынша сөйлеп, ән айтып, әртүрлі тапсырмалар орындадық. Кеш соңына қарай әріптесім Тлеужан Құмар квест ойынымен жастарды қызықтыра түсті. Кеш соңы би кешімен жалғасын тапты.
Төртінші күні, Баянауылдың киелі жерлерімен танысудан басталды. Қоңыр әулие үңгірінен бастап, Саймантас, Кемпіртас, «Ущелье ведьм», Торайғыр ауылына барып, бұлақтың суын ішіп, жанымыз жадырап қалды. Түстен кейін Жасыбай жағалауында демалысымыз жалғасып, спорттық ойындар ойнадық. Кешкісін мерекелік ас беріліп, шығармашылық кешпен жалғасты.
Бесінші күні, шараның салтанатты жабылу рәсімінде форумға қатысқан барлық жас педагогтарға сертифкаттар табысталды. Тілек жазылған суреттерін, түрлі-түсті шарларға іліп достық ниетінде бір-біріне сыйлады. Түскі астан соң, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы мұражаймен таныстық.
Міне, біздің бес күніміз осылай өте шықты. Форумға келген күннен бастап, жастар өздерінде креативті жалынды жастар екенін әр қырынан көрсетті. Павлодар облысының киелі жерлерімен танысып, өзіміз үшін төл мәдениеттің есігін ашып, философиялық азықпен нәрлендік. Болашақта, рухы биік тұлға ретінде өскелең ұрпаққа де берер тағылым-тәрбиелеріміз мол болатындығына кәміл сенеміз.
Әр жыл сайын осындай лагерьге қатысуыма мүмкіндік алғаныма қуаныштымын! Білім және ғылым қызметкерлері одағының Павлодар облыстық ұйымының төрайымы Наурызбаева Гүлбарам Әуезханқызына, Республикалық жастар кеңесі төрағасының орынбасары, әрі Облыстық жастар кеңесінің төрағасы Ернар Иманбаевқа, «Ақсу қаласының білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы» ҚБФ-ның төрайымы Рүстем Жауаш Күткенқызына алғысым шексіз!
Білімімізді тереңдетіп, ойымызды шыңдадық! Табиғат аясында пайдасы көп семинар, тренингтер, мастер-класс бізді шынықтыра түседі. Жан-жақтылыққа үйретіп, ынтымақтастыққа шақырады! Форум өз мақсатына жетті деп айта аламын!
Жаңа орта, жаңа достар, жағымды атмосфера, таза табиғат ауасы, қызықты да пайдалы форум менің мәңгі есімде қалмақ.
Келдік Баянауыл жеріне,
Шығарып бізді қасиетті төріне.
Осының бәрі Кәсіподақтың арқасы
Таң қаламыз табиғаттың көркіне.
Бес күн демалыс болдық үйден жырақ,
Есте қалар күндерді, ұмытпа бірақ
Нәрленіп біліммен, шынығып спортпен
Жасай берсін, Жасай берсін Кәсіподақ! деген сөздермен аяқтағым келеді.
АЛДАМҰРАТОВА Әмина,№2 ЖОББМ музыка пәні мұғаліміАқсу қ. Жастар кеңесінің мүшесіПавлодар облысы
ҚАТЫСУШЫЛАРДЫҢ ПІКІРІ
2018 жылдың 25-29 маусым аралығында мен Павлодар қаласы жастарының атынан кәсіподақ ұйымдастырған «Мұғалім көшбасшылығы арқылы білім беруді трансформациялау» тақырыбында өткізілген жазғы лагерге қатыстым.
Лагерь менің көңілімнен шықты, өте ұнады. Мен өзіме жаңа достар таптым. Лагерге қатысушылардың барлығы өз саласының жас көшбасшылары. Тренинг, семинар, мастер-класстарда өзіңдей жас маман-көшбасшылардың пікірін тыңдау, ойларды, тартыстардағы идеяларды сараптау арлықы өзімнің бойымда дамытуды қажет ететін қабілеттерді анықтап алдым. Әсіресе, «Стартап жобаларды әзірлеу және жүзеге асыру» тақырыбындағы семинар-тренинг бойдағы жаман қасиеттерден арылу, өзіңді-өзің дамытудың қағидаларынан түсінік беріп, жаңа мақсаттар қоюға түрткі болды.
Жалпы, ұйымдастырылған жазғы лагерь жас педагогтардың өз мамандығына деген сүйіспеншілігін арттыруына, өз саламыз бойынша әріптес жолдас табуға мүмкіндік берді. Лагерьден өз басым мол позитивті эмоция алып, рухани тұрғыдан байып келген сияқтымын.
Іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне зор үлес қосқан, жастардың басын біріктіріп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара алған көшбасшымыз, жастар кеңесінің төрағасы Е.С.Иманбаевқа айтар алғысым шексіз. Ол – біз үлгі тұтарлық азамат!
АБИЛЬДИНОВА Айнур,Павлодар қаласы, №43 ЖОББ мектебініңқазақ тілі мен әдеббиеті мұғалімі
Жасырудың қажеті жоқ, мен жыл сайын жазғы жастар лагеріне шақырылуымды күтемін. Осы жылыда жазғы жастар лагеріне қатысу бақытына ие болдым. Әрине ең алдымен, өзімнің командама, Жауаш Күткенқызы басшылығымен, әр түрлі жобалардың үстінде бірге жұмыс істейтін әріптестеріме алғысым шексіз. Жыл сайын лагерде биз жас мамандар өзімізге деген сенімімізді арттыратын, өз жан-дүниемізді ашуға, түсінуге көмектесетін, өмірде дұрыс мақсаттар қоюды үйрететін әр түрлі семинарлар, тимбилдингтер, тренингтер өткізіледі. Ұйымдастырушыларға жетістіктеріміз, қуанышымыз үшін алғысымызды білдіреміз.
ЕСЕНБАЕВА Фариза,Павлодар облысы Ақсу қаласы №7 орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі, жастар кеңесінің мүшесі
Мен жазғы лагерьге алғаш рет қытысып отырмын. Өте керемет! Гүлбарам Әуезханқызына үлкен алғыс айтқым келеді. Әрқайсымыздың жағдайымызды ойлап, белсенді демалыспен қатар білімімізбен жеке көшбасшылық қасиеттерімізді шыңдай түсуге мүмкіндік туғызу ол өте зор еңбек! Ат салысқан барша ұйымдастырушыларға, Ернар Серікқалиұлы Иманбаевқа алғысым шексіз!
САДЫКОВА Диана,Павлодар облысы Ақсу қаласы «Айналайын» сәбилер бақшасының тәрбиешісі
«Мұғалім көшбасшылығы – білім берудің транформациясы» жас педагогтардың аймақаралық форумы.
2018 жылдың 25-29 маусым аралығында өтті. Баянауыл киелі жерлеріне барып, жас мамандарға арналған семинарлар мен тренингтер өткізілді. Ерекше алғысымызды Гүлбарам Әуезханқызына білдіреміз. Осындай бес күн аралығында көп әсер алдық. Енді әрбіреуіміз көшбасшы болуға, елімізге, туған жерімізге қызмет етуге аянбаспыз.
ЖУМАБАЕВА Мадина,Павлодар облысы Ақсу қаласы Шүлембаев атындағы орта
мектебінің тарих пәні мұғалімі, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
КӨШБАСШЫ
(Наурызбаева Гүлбарам Әуезханқызының көшбасшылық тұлғасына арнау)
Бақытын үйіп төккен баласына,
Қазақтың жар болсын Алла анасына.
Маңдай терін төгетін біреу үшін,
Көшбасшы әр қашанда дара тұлға.
Көшбасшы көсем әрі көрегендік,
Көргенді келешекке берегендік.
Кездеспесе кең пейіл кейде тұлға,
Көсемсіз кімдерді біз жеңер едік.
Көшбасшы дара әрі даңғыл өзі,
Болмайды көшбасшылар жалғыз өзі.
Жандарына жинаған жайсаңдарды,
Көшбасшылар сері емес салдың өзі.
Көшбасшы елдің алды асқар тауы,
Бақыт үшін басталған бастаулары.
Болашаққа бағдар боп тұрған мына,
Көшбасшылар шоқ жұлдыз аспандағы.
Көшбасшы сөздің асыл шеберлері,
Терең ой, асқан ақыл кемеңгері.
Көшбасшылар демейді өзім үшін,
Еленген елі үшін әр еңбегі.
БАЯНАУЫЛ
Көркіңе көзім тоймас Баянауыл
Аялдайын деп келдім саяңа бір
Сайратып құс біткенін төбемізден
Жырдан маржан төктірші балаңа бұл
Жасыбай жарқын мекен жайма шуақ
Жайсаңыңда жайқалып майда суат
Қалықтап қыран құсың төбемізден
Таңда бұлбұл әуезі сайрасын нақ.
Торайғыр толып жатқан тұңғыйығым
Тылсымнан тастап кеткен тұрды жыйын
Шежіре әрбір тасың ән мен әуен
Жан азығы самал жел түңгі күйің
Тоғайың толып жатыр құз мұндалап
Кемпір тас көз жасынан жыр жылғалап
Сайман тас санаңды ұғып сыр шерткенде
Сезімнің серпер жыры сырғып ағат
Жарысып жер бетінде қалған тірлік
Баянауыл барасың таңғалдырып
Әттең тілім жетпейді суреттеуге
Көңіл шіркін барады арманғылып
Қалдырдың көңілге шер Баян аудан
Табиғатыңнан айналдым сая болған
Жазармын талай өлең сен туралы
Тілім жетсе сезімге сыя қонған
ХУСАЙН Аңсаған, Ақтоғай ауданының балалардың бос уақытын қамту
және шығармашылық орталығының қосымша білім беру мұғалімі
-
Фото
-