
Сапалы білім, саналы тәлім
2018 жылғы 22 мамырда «Қоғамдық келісім» КММ-нің ғимараты Достық үйінде Павлодар облысы білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының қатысуымен облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы жанындағы Жастар кеңесінің мүшелерімен, жас педагогтарымен кездесу өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты жастармен етене танысу, кадрлық резерв аясында жас мамандардың арасынан білікті де білгір, дарынды да креативті педагогтар қатарын айқындау болды.
Ұйымдастырылған кездесу облыстағы жастардың қозғалысы, білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының жанындағы жастар кеңесінің қызметі туралы бейнероликпен басталды.
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Павлодар облыстық ұйымының төрайымы Гүлбарам Әуезханқызы Наурызбаева алғысөзінде басқарма басшысын таныстырып, жаңа форматтағы жас педагог-ғалым екенін ерекше атап өтті.
Технология дәуірі – бүгінгі заман талабы, - деп бастаған Дінислам Болатханұлы, заманауи сұраныстарға төтеп бере алатын, көп тілді меңгерген, технология құралдарын игерген, көшбасшылық қасиеттердің бүгінгі жас мамандарға тиесілі болу қажеттігі туралы пікірді ортаға салды.
Білім беру жүйесінде кездесетін проблемалардың да басын қозғады: мұғалімнің бойына артылған міндеттерден басқа жұмыстардың артылуы, мерзімдік басылымдарға жазылу, баспана мәселесі, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы еңбекақының төмендігі және т.б.
Облыстық жастар кеңесінің төрағасы Ернар Иманбаев саладағы жастар қозғалысының қалай және қашан бой алғаны туралы, атқарылып жатқан шаралар мен жұмыстар туралы және дәстүрге айналған жас педагогтардың жазғы лагерьлеріне жеке тоқталды. Жас педагогтар үшін тек демалыс-сауықтыру ғана емес, ең алдымен, семинар-тренингтер, коучингтер, дәрістер, спорт шаралары және киелі жерлер мен табиғат аясына экскурсияларға шығу ұйымдастырылады.
Әр лагерь тұсында лидерлік (көшбасшылық) және комммуникативтік қасиеттерді дамыту жөніндегі тренингтердің өткізілетінін сабақтастырды.
Дін істері жөніндегі, сонымен қатар жатар саясаты жөніндегі басқармаларының, білім беру басқармасы мен аудандық, қалалық бөлімдерінің өкілдері және кәсіподақтың тренерлері дәріс оқу мақсатында қатысады. Теріс діни ағым өкілдерімен қалай жұмыс жасау керек, еңбек заңнамасы мен білім беру Заңының негіздерін талқылау, еңбек қатынастарын реттеу мақсатында ұжымдық шарттың тармақтарын түсіндіру жұмыстары да жүргізілетінін атап өтті.
Сұхбаттың барысында жас педагогтар да өз пікірлерімен бөлісіп, ұстаздық мәртебе туралы, Павлодар қаласының №43 ЖОББМ мұғалімі Айнұр Әбелдинова мектеп пен ата-ана арасында жасалатын келісімшарт туралы әңгіменің басын көтерді.
Сонымен қатар Жастар кеңесінің мүшелері Виталий Кожокар, Санжар Рыспеков, Фархат Еңсебаев пікіралмасуда белсенділік танытты және жастардың арасынан Еркебұлан Күнтуған педагогикалық жоғары оқу орнынынң өкілі, ұлттық тренерлер пулының мүшесі ретінде Дінислам Болатханұлына алғысын айтып, бұл тәрізді кездесулердің әлі де болатынын сенім артып, өзінің оң пікірін білдірді.
«Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» Гүлбарам Әуезханқызы мен Дінислам Болатханұлы: жастардың қатарын тек білімді де білікті ғана емес, сонымен қатар рухани нәрленген, адами тәрбиеден сусын алған һәм рухани қаруланған, мамандарды даярлау біздің бүгінгі міндетіміз деген тұжырымды бетке ұстап, кездесуді қорытындылап, жастардың жұмысына сәттілік тіледі.
Ернар Иманбаев,ҚБ-тің бас маманы, Жастар кеңесінің төрағасы
-
Фото
-