КӘСІПОДАҚТЫҢ ӨЗ ҰЖЫМДЫҚ ШАРТЫ БАР
Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымы мен кәсіподақтың еңбек ұжымы арасында 2018-2020 жылдарға арналған Ұжымдық шартқа қол қойылды. Өз аппараты қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдігі, еңбек ақы төлеу, еңбекті қорғау, қызметкерлердің денсаулығы мен сауықтыру шаралары қарастырылған құжатқа Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков пен құрылтайшысы Кәсіподақтың облыстық ұйымы болып табылатын «Қорғау-Тараз-2005» және «Тараз-Профсоюз-Турист» ЖШС-і басшылары мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Әлия Джолшыбекова қол қойды.
Енді алдағы үш жыл бойы Кәсіподақтың жұмыс беруші мен еңбеккерлері арасындағы қарым-қатынастары ұжымдық шарт бойынша қадағаланып отырады. Келісім шартта еңбеккерлердің негізгі құқықтары сақталынған - қауіпсіз еңбек құқығы, жұмыс бабымен көтерілу, лайықты еңбек ақы және ақылы еңбек демалысы.
- Біз кәсіподақ мүшелігінде бар білім мекемелерінде ұжымдық шарттың болуын қатаң қадағалаймыз. Себебі, ұжымдық шарт арқылы ғана кәсіптік одақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық қорғанысын заңды тұрғыда қамтамасыз етуге болады. Сондай мүмкіндікке бүгін кәсіподақ аппаратының қызметкерлері де қол жеткізіп отыр. Енді ұжым мүшелеріне біліктіліктерін көтеруде ерекше жағдай жасалып, кейбір шығындары жұмысшы есебінен төленетін болады. Қызметкерлердің некеге тұруына байланысты, нәрестелі болғанда немесе бала асырап алғанда, мерейтойларда, жақын туыстары қайтыс болғанда 25 000 теңге көлемінде қаржылай материалдық көмек қарастырылған. Ал зейнетке шығатын қызметкерлерге лауазымдық жалақы көлемінде көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, үш жасқа дейінгі, мектеп жасындағы баласы бар ата-аналарға да ерекше жеңілдіктер қарастырылған. Түптеп келгенде біз Кәсіподақ ұйымының да, еңбек ұжымының да мүддесі қарастырылған маңызды құжатқа қол қойдық, - дейді Кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков.
Кәсіподақтың бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Әлия Джолшибекова да Кәсіподақ қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық қорғанысын қамтамасыз ететін басты құжатта екі тараптың да өзара қарым-қатынастары нақты көрсетілгенін, сонымен бірге жұмысшылардың белгілі бір міндеттемелері де бар екендігін баса айтты. Яғни, әр қызметкер өзінің тікелей қызметтік функциясын жоғары деңгейде орындап, ішкі еңбек тәртібін сақтау, өздерінің шеберліктерін үнемі шыңдап отыру мен заман талабына сай жұмыс істей білу.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-