
ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗДАРЫ
Ел тәуелсіздігінің мерейлі 10 жылдығына орай ағартушылар кәсіптік одағының бастамасымен ұйымдастырылған «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» өнер фестивалі биыл VIІ рет ұйымдастырылып, Кәсіподақ филиалдары орналасқан облыс аудандарында іріктеу кезеңі өтіп жатқанын алдыңғы жаңалықтар топтамасында жазғанбыз. Бұған дейін Меркі, Жуалы, Жамбыл, Сарысу, Шу, Байзақ аудандары мен Тараз қаласында өткен ағартушылардың өнер байқауы өз жалғасын Қордай ауданында тапты.
Елбасының рухани жаңғыру бағдарламасы аясында өткен ұстаздардың өнер фестивалі аудандық Мәдениет үйінде өтті. Патриоттық сарындағы тәуелсіз Қазақстан, туған жер, бәсекеге қабілетті білім, білім үйретуші ұстаз бен ұлы қызмет – ұстаздық туралы жүргізушілер – Азат Әбіқаев пен Сәуле Джуатбекованың екі тілде мәнерлеп оқыған өлең жолдарынан кейін сахна шымылдығы ашылып, хор орындалды. 100 ұстаздың үш қатарға дауыс-дауыс бойынша бөлініп, Алтынбек Қоразбаевтың «Туған жер» әнін орындауы тамаша шықты. Д.Қонаев атындағы №1 гимназияның ұстаздарынан құралған хор ерекше киімдерімен, сап түзеген тұрыстарымен тыңдармандарды таң тамаша күйге бөледі. Хордың артын іле шыққан №14 А.Нүсіпбаев атындағы орта мектебінің бишілер тобы қазақ биін орындады.
Келесі болып сахнаға шыққан М.Төлебаев атындағы өнер мектебінің ұстазы Қ.Ахметов көшпелі елдің көне көз шежіресі атанған домбырада «Мәңгілік рух» авторлық шығармасын орындады. Академик Ахмет Жұбанов айтқандай халқымыздың мұңы мен қайғысын, күйінішін, тұрмыс-тіршілігін, арман-тілегін, батырлардың ерлігін, салт-дәстүрін, қазақтың кең сахара даласын, сұлу табиғатын атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа осы заманымызға дейін мұра боп қалдырған қазақтың киелі де қасиетті қара домбырасы арқылы автор бабаларымыздың батырлық рухын бүгінгі күнге жеткізгендей болды.
Аудандық фестивальде ауыз толтырып айтар, орыннан тұрып қол соғатын нөмірлер көп болды. Сондай нөмірлердің бірнешеуін әртүрлі жанрда орындаған Балалар жасөспірімдер шығармашылық орталығының ұстаздары болды. Азат Әбіқаевтың «Ұстазға арнау» авторлық шығармасы, К.Әзербаевтың «Бастау» әнін орындаған М.Рысбеков пен Т.Қыдырбеков, Өнер мектебімен бірлесе орындаған «Бақтыбайдың әуені» күйі, Т.Ахтановтың «Ант» драмалық көрінісі мен оригиналдық жанры, бишілер тобының «Улыбка» әзіл биі көрермендердің көңілінен шықты. Би демекші, би өнері өнер атаулының күрделісі екен. Себебі, би бір сәттік қана, билеу кезінде ғана өмір сүретін уақытша, өткінші өнер қатарына жатады. Өйткені ол өзінен кейін материалдық, заттай ескерткіш қалдырмайды. Алайда, фестиваль барысында №16 орта мектебінің ұжымы орындаған «Қырғыз», «Қытай» билері, №23 орта мектеп ұстаздарының «Ча-ча-ча», №13 орта мектебінің бишілер тобы орындаған «Достық» билері қазылар мен көрермендердің көңілінен шығып, естерінде ұзақ сақталатынына күмән жоқ.
«Би билесе, ән салса олар – өнерпаз, Тұла бойын кенде етпеген өнерден» деп өлең жолдарында айтылғандай №42 орта мектебінің ұстазы Ботакөз Баекенованың «Шырқа даусым», №31 орта мектебінің ұстазы Айгерім Сеңгербекованың «Астана», №1 мектеп-гимназияның вокалдық триосы орындаған Абайдың «Көзімнің қарасы», №30 орта мектебінің ұстазы А.Тоқтарбаева шырқаған «Байтақ елім, қазағым» әндері өнерлі ұстаздардың сахнадан жүрексінбейтінін көрсетіп, өнерлерін айқындай түсті.
«Бәйтерек» бала бақшасының ұжымы сахналаған «Айша бибі» көрінісі, №45 негізгі мектебінің ұстаздары оқыған Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер ана» монологы, №16,17,18 орта мектептерінің ұстаздарынан құралған Дүнген фольклорлық ансамбльі орындаған қазақ әндерінен попури мен М.Төлебаев атындағы өнер мектебінің ұстазы Сәуле Джуатбекова мен мектеп ұжымының орындаған «Елім менің» әні кештің көркін кіргізді.
Елордамыз Астананың 20 жылдығы мен Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесі қарсаңында ұлттық дәстүрді сақтауға, қазақ халқы мен оның еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті арттыруға, халықтар достығын дәріптеу арқылы өнерлі ұстаздарды танытып, олардың құрметін арттыруды көздеген фестиваль соңы өнерпаздарды марапаттау рәсімімен жалғасты. Қазылар алқасы ой-пікірлерімен бөлісіп, үздік нөмірлерді облыстық білім басқармасы мен облыстық кәсіподақ ұйымының дипломдарымен марапаттады.
Перизат БАҚЫТ
-
Фото
-