
Кәсіподақ белсенділері қарт ұстазды құттықтады
9 Мамыр - Жеңістің 73 жылдығына орай білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымына қарасты Ескелді аудандық кәсіподақ комитетінің төрайымы Адия Айтбузинова мен аудандық білім бөлімінің басшысы Берік Дюсебаев Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, қарт ұстаз, Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері Григорий Петрович Голубевті құттықтады.
Кәсіподақ белсенділері майдангердің үйіне барып, ізгі тілектерін айтып, қаржылай сыйлықтарын тарту етті. Сонымен қатар, Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыровтың құттықтау хатын жеткізді.
Өз кезегінде қарт соғыс кезіндегі және бейбіт замандағы ағартушылық саласында атқарған қызметі жайлы естеліктерімен бөлісті. «Жас ұрпақтың патриоттық рухын арттырып, тұлғаның белсенді азаматтық позицияны ұстануға және де жан аямай отанға қызмет ету сезімін нығайту қажет. Ал ардагерлер әрқашан ел тыныштығын тілеп отырамыз», -дейді қария өз сөзінде.
Григорий Петрович Голубев 1925 жылы туған. Соғыстан кейінгі жылдары Ескелді ауданы (бұрыңғы Талдықорған ауданы) Қарабұлақ кентіндегі С.Киров атындағы орта мектебінде дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, 1970-1997 жылдар аралығында балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры лауазымында еңбек еткен. 1997 ж. еңбек демалысына шыққан. Көптеген наградалармен марапатталған. Қазақ КСР еңбек сіңірген жаттықтырушысы.
Г.БАЙСАКОВА,Ескелді аудандық кәсіподақ комитетінің сектор-меңгерушісі