
Жас ұстаздардың қызықты пікірталасы
Ағымдағы жылдың 28 сәуірінде Балалар шығармашылық үйінде Павлодар облысы Ақсу қаласындағы білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен 18-35 жас аралығындағы жас педагогтар мен мамандар арасында «Жастардың қоғамдық өмірге араласуы» атты қалалық пікірталас өтті.
Пікірсайысқа Ақсу қаласының №1 орта мектебінің «Серпін» тобы – даттаушы және №2 жалпы орта білім беретін мектебінің «Жалын» тобы –жақтаушы, жас оқытушылар командалары бақ сынасты. 5 адамнан тұратын, оның ішінде команда капитаны, 3 спикер, хатшы (уақыт ұстаушы, талдаушы) қатысты.
Пікірталастың мақсаты 1) жастарды қоғамдық өмірге белсене араласуға шақыру; 2) жас мамандардың арасында кәсіподаққа мүше болуының, жағымды жағын қалыптастыру; 3) кәсіподақ ұйымының белсенді жұмысына қатысуына жас мамандардың санын арттыру; 4) кәсіподақ ұйымының жас мамандары арасында шығармашылық және көшбасшылық қасиеттерін дамыту.
Пікірсайыс – әрбір команда мүшесінің өз міндеттері мен жауапкершілігі бар командалық ойын. Бірінші болып растайтын команда сөйледі. Уақыт аяқталғанда, ұстаушы спикерді тоқтатты. Жақтаушы тобынан кейін даттаушы топ өз мәселелерін талқыға салды. Командалар бір-біріне сұрақтар қою арқылы шабуыл жасады.
Пікірталас 3 кезеңнен тұрды:
1) «Үй тапсырмасы» - әр топ өз тобын, топтың атын, логотипін, ұранын креативті түрде таныстырып, бірдей киім үлгісімен келді.
2)«Кейс» бұл кезеңде топ спикерлері дайындап әкелген тезистері мен дәлелдемелерін келтіре отырып өз көзқарастарын дәлелдеді. Әр спикер бөлінген уақытқа ішінде өз дәйегін толықтай жеткізді. Ақпараттарды дәлел ретін газет, қысқа тұжырымды тезиспен, бейнебаян, презентациялармен көрсетті.
3) Қорытынды: 2 жақ топтың 3-нші спикерлері пікірталастың қалай өткенін елестете отырып, жеңістің неліктен өз жақтарында екенін нақтылап айта өтіп қорытындылады.
Командалар пікірталасқа қызу жүргізгеннен-ақ мықты дайындықпен келгендерін сезуге болды. Сұрақ қою және жауаптардың толығын қадағалап отырған қазылар алқасы назарынан тыс қалмады.
Әділқазылар алқасының құрамын келесі мамандар өкілеттік етті: Назигүл Шаймарданова – Ақсу қаласының дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназия мектбінің психологы; Бахытгүл Муканова – Ақсу қаласының дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназия мектебінің математика мұғалімі; Іңкар Идрисова – Ақсу қаласының дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназия мектебінің тарих пәні мұғалімі.
Жақтаушы жақ «Нұр Отан», «Болашақ бағдарламасы», «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел», «Серпін - 2050», Еріктілер мәселелрі жайлы сөз қозғады. Екі жақ топтың жанкүйерлері де өз командаларын қолдап, жігерлендіріп отырды. Әр қатысушыға жанкүйерлер шабыт беріп, күш берді десем артық болмас. Қорытындылай келе, жақтаушы «Жалын тобы» қоғамдық өмір адамға жан-жақтылыққа, өмірлік тәжірибе жинауға, пікір алмасуға, жаңа идеялармен бөлісуге, болашаққа көзқарастың қалыптасуына, еңбекке баулуға, адамдармен танысуға мүмкіндік беретінін айтып, қоғамдық өмірге араласу керек екендігін дәлелдеп шығып, жеңіске жетті. Қатысушылар «Танымал ойыншы», «Сенімді ойыншы», «Үздік көшбасшы», «Үздік капитан» «Үздік тайм-кипер» номинацияларымен марапатталды. Жеңіс кубогын №2 жалпы орта білім беру мектебі қанжығасына байлады.
Осы қызықты сайысты ұйымдастырған Ақсу қаласы білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Рүстем Жауаш Күткенқызы пікірталастың жастар арасындағы маңыздылығын, оның ерекшеліктерін, тиімді тұстарын атап өтіп, залда отырған жастарды қоғамдық өмірге араласуға шақырып, командаларды құттықтады.
Бұл тәрізді сайыстар облыс көлемінде өз жалғасын табады деген пікірді ұстанамыз.
Әмина Алдамұратова,Ақсу қаласы №2 ЖОББМ музыка пәні мұғалімі,
Ақсу қаласы жастар кеңесінің мүшесі
-
Фото
-