Талдықорғанда майдангер ұстаздарға құрмет көрсетілді
9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнінеорайбілім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымы салтанатты қабылдау өткізді. Шараның мақсаты–Ұлы отан соғысының ардагерлеріне құрмет көрсету, Отанымыз – Қазақстан Республикасының жарқын болашағын баянды ету жолында атқарған қажырлы еңбегіне алғыс айту.
Салтанатты қыбылдауға соғыстан кейінгі жылдары білім беру саласында еңбек еткен Ұлы Отан соғысының ардагерлері, бүгінгі күні Талдықорған қаласының тұрғындары Бақбергенов Құрмантай Иманғалиұлы, Қаңтарбаев Сәрсенбай және Құсайынов Ысқақ Әбілпейісұлы шақырылады.
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров, облыстық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, № 4 орта мектептің директоры, кәсіподақ белсендісі А.Оңғаров ардагерлерге мерекелік құттықтауларын жеткізді.
«Сұрапыл соғыс жылдарында кеуделерін оққа тосып, елін жаудан азат еткен майдангерлер қатарында ұстаздар қауымы да аз болмаған. Олар жастық шағын ел мен жерін қорғауға арнаса, бейбіт күндердегі саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім беруге, олардың бойына отаншыл, патриоттық мінез қалыптастыруға атсалысты. Бүгінгі күні Алматы облысында тұрып жатқан 132 Ұлы Отан соғысы ардагерінің 10-ы өз өмірін ұстаздыққа арнаған екен. Майдангерлердің отансүйгіштігі, ерлігі мен білім саласына сіңірген қажырлы еңбегі бүгінгі ұрпақ үшін үлгі – өнеге», - деді құттықтау сөзінде ұйым төрағасы Садық Нұрсапаұлы.
Салтанатты қабылдаудан соң Талдықорған аумақтық кәсіподақ ұйымының белсенділері ардагер - ұстаз, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, Көксу ауданының құрметті азаматы Огнев Николай Ивановичтің үйіне барып, құттықтап қайтты.
Білім және ғылым қызметкерлерікәсіподағы
Талдықорған аумақтықұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-