БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНДА БІЛІМ САЛАСЫНЫҢ КӘСІПОДАҒЫНЫҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН «ҰЙЫМДАРДАҒЫ ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ МЕН ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ ЖӨНІНДЕГІ ӨНДІРІСТІК КЕҢЕС ЖӘНЕ ТЕХНИКАЛЫҚ ИНСПЕКТОРЛАРДЫҢ ҚЫЗМЕТІН ЖЕТІЛДІРУ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ СЕМИНАР – КЕҢЕСІНДЕ ҮШ ЖАҚТЫ КЕЛІСІМГЕ ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Ағымдағы жылдың 20 сәуір күні М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің акт залында Батыс Қазақстан облысының білім басқармасы, Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы және Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы арасында 2018-2020 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы үш жақты Келісімге салтанатты қол қою рәсімі өтті.
Салтанатты жиынға арнайы шақырумен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының бас маманы Батыр Алиев, Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова, Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айгүл Абулқайрова, Батыс Қазақстан облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов, Батыс Қазақстан облыстық еңбек инспекциясының бөлім басшысы Бейімбет Мукашев және кәсіподақ төрағалары мен төрайымдары, жоғары оқу орындары мен колледждер, облыстық және қалалық білім беру мекемелерінің басшылары және аудандық білім бөлімінің басшылары қатысты.
Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Марат Даупаев алғы сөзінде, үш жақты «Келісім» Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне, өзге де заңнамалық және нормативтік құқықтық актілерге сәйкес, білім беру ұйымдары қызметкерлерінің әлеуметтік – еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғаумен, қызметкерлер үшін қосымша әлеуметтік – экономикалық, құқықтық және кәсіби кепілдіктер, жеңілдіктер мен артықшылықтар, сондай-ақ заңдармен, өзге де нормативтік құқықтық актілермен, Әлеуметтік әріптестік туралы Бас келісіммен, Салалық және Аймақтық келісімдермен белгіленгеннен де оңтайлы еңбек жағдайларын жасауды көздейтін жұмыс беруші мен жұмысшылардың өзара міндеттемелерін анықтау мақсатында жасалып отырғаны, сонымен қатар Келісімнің негізгі ережелері облыстық білім басқармасына қарасты, Кәсіподақтың құрамында мүшелікке қамтылған ұйымдардың жұмыс берушілері мен қызметкерлер арасында жасалатын ұжымдық шарттардың негізі болатынын жеткізді.
Үш жақты келісімнің тараптары алдағы уақытта білім және ғылым саласындағы әлеуметтік еңбек қатынастарын шарттық реттеу, әлеуметтік әріптестік принциптері негізінде өзара іс – әрекетті дамыту жөнінде ортақ келісімге келіп, қол алысты.
Келесі сөз кезегінде Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Ербол Салықов бүгінгі кәсіподақтардың жай – күйі, кәсіподақтарды жаңғырту жол картасы, кәсіподақтардың рөлі жөніндегі жалпы ұлттық талқылау мәселелеріне тоқталып, 2018 – 2020 жылдарға арналған облыс әкімдігі туралы қызметкерлердің облыстық бірлестіктері және өңірлік жұмыс берушілердің бірлестіктері арасындағы үш жақты облыстық келісім туралы баяндады. Сонымен қатар, «Еңбек шартын жасаңыз!» республикалық акциясы, «Қауіпсіз еңбек бағдарламасы» мен «Еңбекті қорғау, еңбекті қорғауды алдын алу мәдениетін бірге көтереміз» акциялары жөнінде ақпарат берді.
Батыс Қазақстан облыстық еңбек инспекциясының бөлім басшысы Бейімбет Мұқашев білім беру саласында орын алған жазатайым оқиғалардан нақты фактілер келтіріп, өндірістік жарақаттанудың алдын алу жұмыстарын жақсартуды және білім беру ұйымдарындағы басшылардың, еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету міндеті жүктелген мамандардың еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша жұмыстарын жалғастыру қажеттігін атап өтті.
Келісімге қол қою рәсімі Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының бас маманы Батыр Алиевтің «Ұйымдардағы Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес және техникалық инспекторлардың қызметін жетілдіру» тақырыбындағы семинар – кеңесінің жұмысымен жалғасты.
Облыстық кәсіподақ төрағасы Марат Даупаев, семинар – кеңестің өткізілуінің маңыздылығына тоқталып, қазіргі мәлімет бойынша 505 бастауыш кәсіподақ ұйымдарының 95 пайызға жуығы еңбек қауіпсіздігі жөніндегі техникалық инспекторлары арнайы курстан өтіп, 3 жыл мерзімге жарамды сертификат иеленгенін атап өтті.
Семинар – кеңес барысында кәсіподақ ұйымдарының төрағалары және ұйымдардың еңбек қауіпсіздігі жөніндегі техникалық инспекторлары қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етуде өндірістік кеңестің жұмысын жетілдірудің бағыттары бойынша толық ақпарат алды.
Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен өткізілген шараға білім саласының 300-ге жуық кәсіподақ белсенділері мен жұмыс берушілер қатысты.
Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы
-
Фото
-