І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде ардагер ұстаздың мерейтойы өтті
6 сәуір күні философия ғылымдарының докторы, профессор, бірнеше ғылым академияларының мүшесі, Алматы облысының құрметті азаматы, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің «Мәңгілік ел ғылыми – білім беру орталығының жетекші ғылыми қызметкері Қасабеков Аманжол Қасабекұлының 75 жылдық мерейтойы аталып өтті.
І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің мәжіліс залында өткен салтанатты шараны білім ордасының басшысы Баймырзаев Қуат Маратұлы жүргізді. Шара барысында халқымыздың рухани мұрасы - қазақ философиясын әлем жұртшылығына таныстырған ғалымға арнаулар оқылып, ізгі тілектер айтылды. Жоғары оқу орнындағы телестудия дайындаған бейнефильм көрсетілді.
Жетісу мемлекеттік университетінің ректоры Қуат Маратұлы мерейтой иесін құттықтап, соңынан Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың Құрмет грамотасын табыстады.
Мерейтойға республиканың жер - жерінен келген зиялы қауым өкілдері, жоғары оқу орындарының басшылары, ғалымның шәкірттері мен әріптестері, облыстық басқарма басшылары мен қоғамдық ұйымдарының өкілдері, жастар қатысты.
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров та қатысып, өз құттықтауын жеткізді. «Құрметті Аманжол Қасабекұлы, Сіз ең алдымен жаны таза азамат, жоғары дәрежелі ұстаз, тәжірибелі ұйымдастырушысыз. Жетісудағы қара шаңырақ, маңдайалды білім ордасында нәтижелі ұстаздық қызмет атқарып келесіз. Ұлы Абай «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші тәжірибеңіз бен ұйымдастырушылық қабілетіңізді бір арнада тоғыстыра білгеніңіздің арқасында тың ғылыми жаңалықтарды енгізіп, жастарға ұлағатты ұстаз, өнеге болдыңыз. Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға амандық және шығармашылық табыс тілеймін!», - деді құттықтау сөзінде Садық Нұрсапаұлы.
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы
Талдықорған аумақтық ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-