«Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз» мейрамына арналған IV – ші «Денсаулық» спартакиадасы өткізілді
26 – 28 наурыз аралығында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Ақжайық» спорт сарайында Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ мүшелері арасында «Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз» мейрамына арналған IV – ші «Денсаулық» спартакиадасы өткізілді.
Бұл шараның мақсаты – кәсіподақ мүшелері арасында Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамын атап өту және кәсіподақ ұйымдарының жұмысын жетілдіру мен бірлігін нығайту, білім және ғылым қызметкерлері арасында салауатты өмір салтын насихаттау.
Спартакиаданың ашылуымен құттықтау үшін алғы сөз Облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының төрағасы Марат Даупаев жарысқа қатысушы спортшыларға сәттілік тілеп, жыл сайын өткізілетін дәстүрлі облыстық ІV–ші «Денсаулық» спартакиадасына арнайы шақырумен келген қонақтарға, ардагер ұстаздарға алғыс білдірді. Сонымен қатар, ардагер ұстаздарға мейрамға орай заттай сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыс етті.
Келесі сөз кезегін алған М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, академик Асхат Иманғалиев және Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының орынбасары Нұрлан Сабыров «Денсаулық» спартакиадасына қатысушы құрама командалар мен кәсіподақ мүшелерін құттықтап, кәсіподақ тек қана еңбеккерлердің әлеуметтік – экономикалық және еңбек құқықтарын қорғаумен ғана шектелмей, өзара салауатты өмір салтын сақтауды кеңінен насихаттауға да қолдау көрсетіп, бұл шараның осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырғаны туралы айтты.
Облыстық ардагер ұстаздар Кеңесінің төрағасы Өтебай Құспанов дені сау мықты ел ғана дамыған бәсекеге қабілетті ел бола алатыны туралы өз ойын білдіріп, ұстаз ардагерлер атынан кәсіподақ мүшелерінің арасындағы ІV-ші «Денсаулық» спартакиадасына қатысушыларға және ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.
Ұйымдастырылған спорттық – көпшілік шараға облысымыздың аудандық 12 құрама командалары, М.Өтемісов атындағы БҚМУ және Қазақстанның инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университеті құрама командалары, колледждар құрама командасы, облыстық білім беру мекемелері құрама командасы, А.Байтұрсынов атындағы №10 ЖОББМ және №14 ЖОББМ қалалық мектептердің ішінен бірінші және екінші яғни, барлығы 18 құрама командалар қатысып, спорттың волейбол, үстелді теннис және тоғызқұмалақ ойындарынан бақ сынасты.
Ептілікті сынға салған сәтте бірі жеңіп жатса, екіншісі жеңіліп жатады. Осы орайда жиналған спортшыларымыз өздерінің үлкен дайындықпен келгендерін байқатты. Бақталасқан қызу ойын сәттерінде әр ауданнан келген білім бөлімінің басшылары ойын соңына дейін қатысып, аудан намысын қорғауға атсалысқан командаларға жанкүйер болды.
«Денсаулық» спартакиадасының ережесіне сәйкес, волейбол ойыны бойынша І орын – қалалық № 14 жалпы орта білім беретін мектебіне, ІІ орын – Жаңақала ауданы, ІІІ орын – Тасқала ауданы иеленді. Ал, үстелді теннистен І орын – А.Байтұрсынов атындағы №10 ЖОББМ, ІІ орын – Бөрлі ауданына, ІІІ орын – Жәнібек ауданына бұйырып, тоғызқұмалақтан І орын – Жаңақала ауданы, ІІ орын – А.Байтұрсынов атындағы №10 ЖОББМ, ІІІ орын – қалалық № 14 жалпы орта білім беретін мектебі иеленді.
Білікті төрешілердің саралауы бойынша спортшылар арасынан үздік ойыншылар да анықталып, заттай сыйлықтар және грамоталармен марапатталды. Олар, волейбол – Тайшыбаев Жарқын (қалалық № 14 жалпы орта білім беретін мектебі), Кайрушев Темірлан (Жаңақала ауданы), Образков Сергей (Тасқала ауданы) және үстелді теннис – Болатов Алтынбек (А.Байтұрсынов атындағы №10 ЖОББМ), Денисова Марина (Бөрлі ауданы), Шамелов Эмиль (Жәнібек ауданы); тоғызқұмалақ – Шаутенов Қайрат (Жаңақала ауданы), Шурин Бауыржан (А.Байтұрсынов атындағы №10 ЖОББМ), Кенеева Надежда (Ақжайық ауданы).
Екі күнге созылған облыстық ІV-ші «Денсаулық» спартакиадасының қорытындысында командалық жалпы есеппен «А.Байтұрсынов атындағы №10 ЖОББМ» жеңіс тұғырына көтерілсе, екінші орын – «қалалық № 14 жалпы орта білім беретін мектебіне», үшінші орын – «Бөрлі ауданы» құрама командаларына берілді.
Командалық жалпы есеппен облыстық ІV-ші «Денсаулық» спартакиадасында І орын иеленген «А.Байтұрсынов атындағы № 10 ЖОББМ» құрама командасына «Ақжайық» шипажайына тегін 10 жолдама және жүлделі орындар иеленген «қалалық № 14 жалпы орта білім беретін мектебі» және «Бөрлі ауданы» құрама командаларына кубоктар мен заттай естелік сыйлықтар берілді.
Жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеу мен дені сау ұрпақ қалыптастыруға әрқашан кәсіподақ ұйымымен әріптестік танытып отыратын «Батыс Қазақстан облыстық Ауғанстан ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы О.В.Пимонов жастарға жалынды тілектерін жолдап, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп, салауатты өмір салтын ұстануға үлес қосқаны үшін белсенді кәсіподақ мүшелері Жарқын Тайшыбаевқа (қалалық № 14 жалпы орта білім беретін мектебі құрама командасының капитаны), Мұхтар Қайратқа (Зеленов аудандық құрама командасының капитаны) Батыс Қазақстан облыстық Ауғанстан ардагерлері одағының атынан алғыс жариялады.
Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ төрағасы Марат Даупаев бүгінгі таңда білім және ғылым қызметкерлерінің Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымын – Еліміздің тұрақтылығы мен жарқын болашағы үшін жас ұрпаққа сапалы білім беруде олардың еліне деген құрметі мен патриоттық сезімін, болашаққа деген нық сенімін қалыптастыруды мақсат ететін 40 мыңға жуық білім және ғылым қызметкерлері біріктіріп отырғанын және кәсіподақ күші мен болашағы бірлікте екені туралы жалынды сөздерімен спорттық – бұқаралық көпшілік шараны қорытындылады.
Батыс Қазақстан облыстық білім және
ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы
-
Фото
-