
ҰСТАЗДАР БАР ӨНЕРЛІ...
Білім мен тәрбиені ұштастырып, шәкірт тәрбиелеу жолында жан-жақты бола білген ұстаздар қауымының мәртебесі қашанда биік. Кәсіподақтың Жамбыл облыстық ұйымының бастамасымен «Баласағұн» сарайында өткен «Тәуелсіз елдің ұлағатты ұстаздары» атты VII облыстық фестивалі сөзімізге тұздық болды. Дәстүрге айналған думанға толы кеште қала мектептерінің 400-ден астам педагогтары бас қосты. Жеке және топтық құрамда ән салып, би де билеп, көркем сөз оқып, күй күмбірлеген кеште сахна шымылдығы Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен түріліп, мектептен тыс жұмыс және балалар шығармашылық орталығы «Өрлеу» ән-саз студиясының педагогы Жанна Жолдыбаева дирижерлік етті.
Мұнан соң өнер ұжымдары көркемсөз оқу, вокал, хореография, драма өнері, хор, ансамбль, оркестр жанрлары бойынша өз өнерлерін ортаға салып, сахна төрінде салтанат құрды. Қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен №39 орта мектептің ұстазы Қадыр Талапбек пен №10 балабақшасының музыкалық жетекшісі Фариза Досболова Шәмші әндерінен попурри орындап, көпшіліктің қошеметіне ие болды. Сондай-ақ, №48 орта мектебінің күміс көмей ұстаздары халық әні «Жайдарманды» нақышына келтіре шырқады. Ал орыс халық аспаптарының біріккен оркестрі Оксана Дьяченконың жетекшілігімен «Конь», «Money, Мoney, Мoney» шығармаларын жоғары деңгейде жеткізе алды. «Қазақстан», «Алтын бесік», «Әгугай, домбыра», «Саржайлау» секілді патриоттық әндердің орындаушылары да көрерменнің ыстық ықыласына кенелсе, қазақ биі «Илигай», ұйғыр, испан биі мен жас ұстаздардың заманауи «Брэйк» биіне барлығы тәнті болды. Ол кеште қара домбыра шанағында күй сарнаса, №39 орта мектептің ұстазы Рахат Бұхарбаева «Сары бидай» күйін қобызда ойнады.
«Ұстаздан шәкірт озар жарысқанда» демекші, №23 орта мектептің директоры Ардақ Рысбаева да поэзияға деген құрметін жерлес ақын Ерлан Жүністің «Астана метаморфозасы» туындысынан үзінді оқу арқылы аңғартты. Сазды әуенмен және дирижерлердің қимылымен қабыса үйлескен хор мүшелерінің үні, ән қайырмасындағы көз сүйсінткен қимылды сәттер, бәрі-бәрі өнер сүйер қауымның көзайымына айналды. Ал лед-экрандағы бейне көріністер де осынау шығармалар тақырыбымен астасып жатты. Әсіресе, №40 гимназиясының мұғалімі Андрей Фирсов орындаған «Бір үйдің баласындай» әні жүректерге жетті. Жаңа заманда түрлі ағым жетегінде кетіп, интернет құрсауында қалып қойып, рухани байлығын әлсіретіп алған бүгінгі қазақ қоғамының көрінісін №57 орта мектептің мұғалімдері «Заман көріністері» қойылымы арқылы сахналады.
Жалпы бұл өнер думаны аталмыш мәдениет сарайын ән мен жырға, күй мен биге бөлеп, мұғалімдердің біліммен қатар, өнерде де өзіндік орындары бар екендігін паш етті.
Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ,
ЖАМБЫЛ облысы
-
Фото
-