Жетісуда ұстаздар арасында спартакиадалар өтуде
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы Талдықорған аумақтық ұйымына қарасты аудандық, қалалық комитеттерінің ұйымдастыруымен Жетісу өңірінде көктемгі демалыс күндері спартакиадалар өтуде.
Педагогтардың денсаулығын нығайту, спорттық шеберлігін шыңдау, ұстаздар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, үздік ұжымды анықтау және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында өткен жарыстарға Талдықорған, Текелі қалалары мен Кербұлақ, Сарқан, Панфилов аудандарының мұғалімдері белсенді қатысты.
Ұстаздар волейбол, баскетбол, шағын футбол, тоғызқұмалақ, қол күресі, үстел теннисі, шахмат және гір көтеру сияқты спорт түрлерінен бақ сынасып, өзара мықтыны анықтады.
«Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауларында дене шынықтыру мен спортты дамытуға айрықша басымдық береді. Бүгінгі жас ұрпақтың білімді де білікті болуы ұстазға, ата-анаға байланысты. Сол себептен, педагогтардың басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, білім беру мекемелерінде дамыған, денсаулығы мықты жеке тұлғаларды тәрбиелеу», - дейді өз сөзінде Кербұлақ аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Жақан Ноғайбайұлы.
Спартакиадалардың нәтижесі бойынша жеңіпаздар командалар дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Спорттық доданы ұйымдастырушыларының айтуынша, білім беру мекемелері арасында салауатты өмір салтын дәріптеуде осы шаралар зор септігін тигізеді.
Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы
Талдықорған аумақтық ұйымының баспасөз қызметі
-
Фото
-