Наурыздың алғашқы күндерінде Павлодар облысы Ақсу қаласының Қ.Шүлембаев атындағы мектепте академик Қатыршат Шүлембаевтың 81 жылдығына орай «Дін және зайырлылық – бір қоғам» атты дөңгелек үстел отырысы өткізілді. Сондай-ақ, жас мамандардың арасында өткен І Шүлембаев оқуларының қорытындысы жарияланды.
Философия ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі Қатыршат Шүлембаевтың Қазақстанның ғылым мен мәдениетін дамытуға қосқан үлесі зор. Оның жетекшілігімен халықаралық дәрежеде белгілі, Орталық Азия аймағында теңдесі жоқ Қазақстан философия мектебі қанатын жайды. Қ. Шүлембаев Қазақстандағы Әлеуметтік ғылымдар академиясының негізін салушы әрі вице-президенті болды. Оның қаламынан 150-ден астам ғылыми еңбектер жарық көрді, үш докторды, 20-дан аса ғылым кандидаттарды дайындады.
Дөңгелек үстел отырысында Қазақстан халқының ынтымағы мен бірлігі жарасқан, мақсаты мен мүддесі ортақ болып, тату-тәтті мәміледе өмір сүруіне ықпал тигізетін конфессияаралық келісімнің өзектілігі, бүгінгі қоғамдағы рухани сауаттылық, дін және өркениет, діни еркіндік, дінаралық татулық мәселелері талқыланды.
Павлодар қаласы Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығының директоры Раздықова Г.М., академиктің қарындасы Рымкеш Шапағатқызы мен жұбайы, ҚазССР үздігі, педагогикалық еңбек ардагері Ізбасар Қаймолдаұлы Усинов, мектеп басшысы Амангельды Матайұлы Ержанов дөңгелек үстелдің құрметті қонақтары ретінде танылды және қала мектептерінің жас мамандары қатысты.
Жас мамандар арасында өткен қалалық І Шүлембаев оқуларын қорытындылады. Жұмыстар секция бөлімінде қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде келесі бағыттар бойынша қабылданды:
- Тарих ғылымы және рухани жаңғыру: жаңа мәселелер мен міндеттер;
- Тарих және тұлға: 100 жаңа есім, тәуелсіздік тарихы;
- Өлкетану мәселелері, ескерткіштерді зерттеу және Қазақстанның қасиетті жерлері;
- Қ. Шүлембаевтың ғылыми мұрасы.
Шүлембаев оқуларына қатысушылар сертификаттармен және үздік деп саналған 5 жұмыс дипломдармен марапатталды.
Ануар ШАРИПОВ,тарих пәнінің мұғалімі,
магистрант,Ақсу қаласы жастар кеңесінің мүшесі