
ЗЕЙНЕТКЕР ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ
«Ұстаз» деген сөздің адамзаттың даму тарихында қашан да болса орны бөлек. Ұстаз – болашақ ұрпақтың бағбаны, жанына жарық сәуле сеуіп, көкірек көзін нұрландырушы, бала бойына білім мен тәрбие сіңіруші. Сондай ұстаздардың бірі де бірегейі, ұстаздардың ұстазы, біздің мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі – Титоренко Виктор Владимирович білікті маман, ұлағатты ұстаз, өз ісінің майталманы ретінде көпке танымал ардақты жан.
Ол өзінің еңбек жолында бар ғұмырын келешек жас ұрпаққа арнап, олардың дендері сау болуы үшін аянбай еңбек етіп келе жатқан жандардың бірі. Ұлағатты ұстаз Виктор Титоренконың мерейлі 63 жасқа толуына орай мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен волейболдан аудандық біріншілік өтті. Спорттық шараның ашылу салтанатында командаларға сәттілік тілеп, мерей той иесін қуанышымен құттықтаған аудандық мәслихат хатшысы Е.Өмірәлиев жарысты ашық деп жариялады. Сондай-ақ, аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Б.Ұзақбаев пен мектептің ардагер-ұстазы Б.Жаманқұлов та жарысқа қатысушыларды жақсы ойын үлгісін көрсетуге шақырып, ойынның өтуіне себепкер болған Виктор Владимировичке мықты денсаулық тілеп, оның спортқа қосқан үлкен үлесін ерекше атап өтті. Додалы жарыс алдында Виктор Владимировичке кәсіподақ ұйымы атынан бағалы сыйлық тапсырылып, М.Мақатаев атындағы шағын орталықты тірек орта мектебінің директоры Алтын Сихимованың ұстазға деген арнайы Құрмет грамотасы табысталды.
Осындай ұлықтау шараларынан кейін өңірдегі Туризм және өлкетану орталығы, Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясы, Мойынқұм ауданынан Ғ.Мұратбаев, Қ.Сәтбаев, М.Мақатаев атындағы орта мектептерінен жасақталған екі құрама команда қатысқан жарыс та өте тартысты өтті. Турнирдің қорытындысы бойынша І орынды Е.Бекмаханов атындағы мектеп-гимназиясы иеленсе, ІІ орынды туризм және өлкетану орталығы иеленсе, ІІІ орынды М.Әуезов атындағы орта мектептің командасы қанжығасына байлады. Жеңімпаздар мен ойын барысында үздіктер қатарынан көрінген ойыншыларға арнайы сыйлықтар берілді.
Перизат БАҚЫТ,
М.Мақатаев атындағы шағын орталықты тірек орта
мектебінің ұжымы,ШУ ауданы,ЖАМБЫЛ облысы
-
Фото
-