
БІЗ – ҚАЗАҚСТАН ТӘЛІМГЕРІМІЗ!
Тәлімгер мамандығының беделін арттыру мақсатында Балалар мен жасөспірімдер «Үміт» сарайында аудандық «Жас Ұлан» ұйымының үйлестірушісі Турекулова Мираның ұйымдастыруымен «Біз – Қазақстан тәлімгеріміз!» атты шеберлік байқауы болып өтті.
Тәлімгерлер байқаудың алғашқы кезеңінде өздерін таныстыруға тыңғылықты даярланғандықтарын көрсете білді. Олардың бірі өзін слайд арқылы, бірі үш тілде сөйлеу арқылы таныстырса, енді бірі өзін шәкірттері арқылы таныстырды. Байқаудың келесі кезеңі «Тәлімгерлік істегі менің жетістіктерім» деп аталды. Мұнда тәлімгерлер жыл бойы өздері және жасұландықтармен бірге атқарған жұмыстары бойынша қол жеткізген жетістіктерін көрсетіп, алған орындары мен марапаттарын жарнамалап шықты. Келесі «Тәлімгерлік тосынсый» кезеңінде №9 мектептің тәлімгері грузин биін билеп көзге түссе, №48 мектептің тәлімгері «Қате соғылған телефон» атты өлеңді мәнерлеп оқып көп ішінен ерекшеленді. Бұдан бөлек №17 мектептің тәлімгері әсем ән салып, елді таң қалдырды. №6 мектептің тәлімгері Молдасариева Нағима халық әні «Бүлдіргенді» нақышына келтіре орындап шықса, №18 мектептің тәлімгері дайындығы жоғары деңгейде екенін көрсетіп, неміс биін нақышына келтіріп билесе, №30 мектептің тәлімгері Еркетаева Сандуғаш ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Аққулар, қош болыңдар!» атты өлеңін мәнерлеп оқыды.
Нәтижесінде қазылар алқасы бірауыздан І орынды №13 мектептің тәлімгері Алдабергенова Гүлшатқа, ІІ орынды №48 мектептің тәлімгері Ербоснова Кәмшатқа, ІІІ орынды №9 мектептің тәлімгері Жумалиева Замираға берді.
Ә.БОРАНҚҰЛОВА,Балалар мен жасөспірімдер «Үміт»
сарайының қосымша білім беру педагогы,МЕРКІ ауданы
-
Фото
-