БЕЙБІТ КҮННІҢ БОЗДАҚТАРЫ
15 ақпан - Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына тұп-тура 29 жыл. Кезінде «Әскери парыз - жауынгерлік міндет» деп басын бәйгеге тігіп, арамызға оралған ардагерлер жастық жалынын жат далаға арнап, жырақта жан тапсырған қаруластарын ешқуақытта ұмытқан емес. Мақсатсыз соғыс құрбандарын еске алу киелі өңірде де ұйымдастырылды. Шара қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің ақ дастархан басында басқосуымен қолға алынды. Қарап тұрсақ, отқа оранған жылдарда жан тапсырған баһадүрлерді еске алу, бір жағынан Ауған соғысын артта қалдырған айтулы мерекеге білім саласында еңбек етіп жүрген Ауған соғысының 15 ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, билік басшылары қатысты. Жылдағы дәстүр бойынша жалғасын тапқан шараның шымылдығы алапат соғыста опат болған қаруластарды бір минуттық үнсіздікпен еске алумен басталды. Бейбіт күн перзенттеріне ерлікті дәріптеп, елдікті сақтауға үндейтін ардагерлер құрметіне «Құрмет» гүлі залдың төріне қойылды. Кеңес үкіметінің солақай саясатының құрбаны болған ардагерлер жайында бейнефильм көпшілік назарына ұсынылып, мектеп оқушыларының патриоттық тақырыптағы ақын өлеңдерінен үзінділері көпшілік жүрегіне жол тартты.
Шарапаты мол жиынның алғашқы ақжарма құттықтау сөзін Түркістан қалалық соғыс және еңбек ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов алып, бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, бірқатар ардагерлер облыстық кәсіподақ комитетінің «Кәсіподаққа еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісімен марапатталды. Олардың қатарында, Түркістан қалалық Ауған соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әзімбай Қожабаев, ардагерлер Тілес Ақай, Закир Абдураймов және Жақсылық Жантілес бар.
Кезінде Отан үшін қан майданда жан беріспей, ұрпақ болашағы үшін алға ұмтылудан шаршамаған ардагерлердің ерліктері көпке үлгі. Майдан даласындағы қаруларын бүгінде қаламға айырбастаған бейбіт күннің батырларына қашанда қарыздармыз. Салтанатты жиында сөз алған Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Кеңесбекұлы мен Балалар мен жасөспірімдер орталығының директоры Бекарыс Ақсақалұлы отты жылдардың куәсі болған ардагерлерге риясыз рахметі мен шынайы тілектерін жеткізді. Барлық Ауған соғысы ардагерлеріне кәсіподақ комитеті атынан арнайы Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар ұсынылды.
Тарихтың ақтаңлақ беттеріне ізін қалдырған зұлмат соғыс туралы сыр шерткен ардагерлер өскелең ұрпақты өз елінің патриоты болуға шақырды. Қорытынды сөз алған қалалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитетінің төрағасы Гүлжан Әсілбайқызы туған жерден бір уыс топырақ бұйырмаған ардақтылар үшін қамығып, бейбіт күннің боздақтарына бас иіп, есімдерін ұмытпауды алға тартты. Мұнымен бірге, келер жылы 30 жылдық айтулы шараның ауқымын кеңейтіп өткізу жоспарда бар екендігін де жеткізді.
Түркістан қалалық білім және ғылымқызметкерлері
кәсіподақ комитетініңмаманы М.Кенжебаева
-
Фото
-