Жазиралы Жаркентте кәсіподақ мүшелері ақынды еске алды
Бүгін қазақтың ақиық ақыны, қазақ поэзиясының алыбы Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Мұқағали – мәңгілік ғұмыр» атты әдеби кеш өтті. Жаркент қаласындағы Алтынсарин атындағы орта мектепте өткен кештің ұйымдастырушылары - білім және ғылым қызметкерлері Панфилов аудандық кәсіподақ комитеті және Алтынсарин атындағы орта мектебіндегі бастауыш кәсіподақ ұйымы.
Шараның мақсаты -ақынның өмірі мен шығармашылығына шолу жасау, артына айрықша өшпейтін із қалдырған мұрасын жастарға насихаттау. Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері мен әндері арқылы жастарды әсемдікке, елжандылыққа тәрбиелей отырып, поэзия әлемінің сырын ашу.
Поэзия кешіне Панфилов аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Мақытбек Тұрлыбеков, педагогикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Молот Солтанаев, жастар ұйымының төрайымы Мөлдір Хайрулина, мектеп директоры Раушан Тазабекова және кәсіподақ мүшелері қатысты.
Кеш шымылдығын ашқан Алтынсарин атындағы орта мектептің директоры Раушан Қадырқызы кішкентай кезінен өлең-жырларға әуес болған М.Мақатаевтың өмірінен мағлұмат беріп, келген қонақтарды таныстырды.
Ал жеткіншектер және жас мамандар ақын өмірінің белестерін кезең-кезеңге бөліп,қойылым арқылы суреттеді. Өнерлі жасөспірімдер ақынның туындыларын нақышына келтіре оқыса, енді бірі арнауын жарыса жеткізді.
Кәсіподақ мүшелерінің өнеріне тәнті болған қоғамдық бірлестіктің басшысы Мақытбек Тұрлыбеков алдағы уақытта да осындай шаралар жалғасын табатындығын жеткізіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Ал, Панфилов аудандық кәсіподақ комитетінің жанынан құрылған педагогикалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Молот Мұсаұлы кәсіподақ комитетінің жұмысы күннен-күнге жанданып келе жатқанын алға тартып, ақиық ақынға арнауын оқып, шараны қорытындылады.
Маржан Қайратқызы,Білім және ғылым қызметкерлері
Панфилов аудандық кәсіподақкомитетінің маманы
-
Фото
-