КӘСІПОДАҚ ҰЙЫМЫНДА САН ДА, САПАЛЫ ЖҰМЫС ТА БАРШЫЛЫҚ
Жақында Оралдағы «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы ғимаратының мәжіліс залында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының БҚО ұйымы» қоғамдық бірлестігі комитетінің Пленумы өтті.
Облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының төрағасы Марат Даупаевтың айтуынша, 2015 жылы Білім және ғылым министрлігімен 2015-2017 жылдарға арналған салалық келісім қабылданған. Осы құжаттың негізінде әлеуметтік әріптестікті дамыту және жетілдіру жөніндегі шаралар аясында облыстық білім басқармасы мен аталмыш қоғамдық бірлестік арасындағы 2016-2018 жылдарға арналған аумақтық келісім жасалды. Осы аумақтық келісімде еңбек заңнамасы негізінде педагогтардың, ғылыми-педагог кадрлардың, білім және ғылым саласының басқа да қызметкерлердің көптеген өмірлік маңызды мәселелері шешіліп, лауазымдық айлықтарға қосымша және үстеме ақылары мөлшері, жұмыс уақытының ұзақтығы реттеліп, кепілдіктер, еңбек жағдайына өтемақылар мөлшері анықталды. Бірақ әлі де шешімін таппаған өзекті мәселелер баршылық. Мысалға, аталмыш келісім бойынша жергілікті өкілетті билік органдарының ауылдық білім беру ұйымдарының педагог және медицина қызметкерлеріне отын және коммуналдық қызмет шығындарының өтемақыларын міндетті және бірыңғай мөлшерде тағайындауына қол жеткізе алмай келеді. Бұл мәселе облыс бойынша тек Бөрлі ауданында шешілген. Сонымен қатар, білім қызметкерлерін міндетті мерзімді медициналық тексеруді қаржыландыру мәселесі де толық орындалмай отыр. Педагогикалық білім қызметкерлерін тегін міндетті медициналық тексеруден өткізу мәселесі Бөрлі, Жаңақала, Теректі, Жәнібек аудандарында ғана бұрыннан жолға қойылған. Өткен жылғы маусым айында облыс әкімінің аппаратына және аудан әкімдеріне хат жолданып, жүйелі жұмыстану нәтижесінде Қазталов, Сырым, Тасқала аудандарында бұл мәселе оң шешімін тапқан. Алайда Ақжайық, Бөкей ордасы, Қаратөбе, Зеленов, Шыңғырлау аудандарында бюжет қаржысы тапшы деген желеумен түйткілді мәселе түйіні тарқатылмаған. Сондықтан басқосуға қатысушылар мәселені облыстық мәслихаттың қарауына шығаруды ұсынды.
Пленумда баяндама жасаған облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы Марина Темірғалиеваның айтуынша, кәсіподақтың мүшелер қатарын толықтыру мақсатында 2017 жылы бірқатар нақты шаруалар жасалған. 2017 жылдың 1 қаңтардағы статистикалық есеп бойынша кәсіподақ мүшесінің саны 30139-ға, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны 451-ге жеткен. Бұл көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда кәсіподақтың мүшелік санының 6027-ге, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны 64-ке өскенін көрсетеді. Орталық Комитетке берілген 2017 жылдың маусым айындағы есептік көрсеткіш бойынша – кәсіподақ мүшелігінің саны – 35373-ті құрайды. Өз мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғайтын бірден-бір ұйым саналатын кәсіподақ ұйымына мүшелікке тарту жұмыстары жалғаса бермек.
Облыстық кәсіподақ ұйымының бас маман-заңгері Гүлжанат Құрманғазиеваның баяндауынша, облыстық кәсіподақ ұйымының аппарат қызметкерлерімен еңбек заңнамалары мен ұжымдық шарт жасасу туралы 12 аудандық кәсіподақ ұйымының, 20 колледж және 19 облыстық мамандандырылған мектеп-интернаттық ұйымның және балалар үйінің, орталықтардың, жоғары оқу орындарының кәсіподақ ұйымдары өкілдеріне оқулар ұйымдастырылған. Бүгінде облыстық кәсіподақ ұйымының Орал қалалық білім бөліміне қарасты 45 мекемедегі кәсіподақ төрағалары мен кәсіподақ белсенділерін кәсіподақ жұмысының негізгі бағыттарына оқыту жұмыстары ұйымдастырылуда.
-Облыстық кәсіподақ комитетіне түскен кәсіподақ мүшелерінің жеті арызы мен өтініші уақытында қаралып, ұжымдарда жанжалды жағдайлардың оңынан шешілуіне және қызметкерлердің өкілі ретіндегі кәсіподақтардың рөлін арттыруға септігін тигізді. Мысалы, Орал қалалық «Вольдороф бағытындағы мектеп-гимназиясы» бастауыш кәсіподақ ұйымының үш кәсіподақ мүшесінің қызметкерлерге берілетін жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына қатысты өтініштері тіркелген болатын. Осы жөнінде кәсіподақ мүшелеріне құқықтық кеңес беріліп, нәтижесінде ҚР «Білім туралы» Заңына сәйкес кезекті еңбек демалысының ұзақтығы күнтізбелік 56 күнге ұзартылып, заң жүзінде тиесілі еңбек ақылары қайтарылып, өтініштері қанағаттандырылды, - деді Гүлжанат Есетқызы.
Одан әрі бандамашы білім беру мекемелеріндегі өндірістік кеңестердің құрылуы мен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларды оқыту туралы әңгімеледі. Қазіргі уақытта республикалық ғылыми-зерттеу институтының БҚО филиалы және Білім және ғылым қызметкерлерінің облыстық кәсіподақ ұйымымен 200 техникалық инспекторды оқыту жөніндегі жасалған келісім негізінде бірқатар білім беру мекемесінің техникалық инспекторлары «Кәсіпорындардағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау» курсында оқып, үш жылға жарамды сертификат иеленді. Соның ішінде Ақжайық, Жәнібек, Қазталов, Бөкей ордасы, Қаратөбе, Сырым, Теректі аудандарының бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жалпы саны 200-ге жуық техинспектор оқытылған.
Облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының бас есепшісі Гүлнұр Хайырлиеваның баяндамасына сүйенсек, білім саласының қызметкерлерін сауықтыру үшін шипажайларға 50 пайыздық (стандарт номер) жеңілдікпен 2016 жылы 282 жолдама берілсе, биыл облыстық кәсіподақ ұйымы кәсіподақ мүшелеріне 407 жолдама берілген. Соның ішінде келісімшарт негізінде кәсіподақ мүшелерінің кезекті еңбек демалысында «Ақжайық» шипажайында 365, ал кесте сыртында 24 кәсіподақ мүшесі демалды. 2017 жылы кәсіподақ мүшелерінің ұл-қызына демалуға 58 жолдама берілді. Есепті мерзім ішінде Бөрлі аудандық кәсіподақ ұйымы 20 баланы «Евразия» туристік-сауықтыру кешеніне, Зеленов (Приуральный) аудандық кәсіподақ ұйымы 6 баланы «Жас натуралистер» слетіне жіберсе, халықаралық «ЕХРО - 2017» көрмесіне Ақжайық аудандық кәсіподақ ұйымы 12 оқушыны, Бөкей ордасы аудандық кәсіподақ ұйымы 20 ұл-қызды жіберген.
Облыстық кәсіподақ ұйымының құрамындағы 29 жасқа дейінгі жастар саны 6013-ті құрайды, бұл облыстық кәсіподақ бойынша кәсіподақ мүшелерінің жалпы санының 20 пайызын құрайды. Кәсіподақ ұйымдарының басты міндеті – жастарды кәсіподаққа тарту, жастар кәсіподақ қанатын құру болып табылады. Осы мақсатта құрылған облыстық кәсіподақ ұйымының жастар ісі жөніндегі кеңесінің жақсы жұмысы аталып өтті. Сонымен қатар кәсіподақтың жас мүшелерінің жұмысын жандандыру, жастар арасында кәсіподақ қозғалын насихаттау жұмыстарын жүргізу және қоғамдық маңызы бар тың идеяларды жүзеге асыруда белсенділік танытуға шақыру жұмыстарына аса мән беріліп, жастарды кәсіподақ жұмысына көптеп тарту, оларды кәсіподаққа кіруге ынталандыру, сондай-ақ жұмысшы және студент жастарға қолдау көрсету жөніндегі бірлескен жобаларды жүзеге асыру мен жастар арасында патриоттық сезім қалыптастыру мақсатында тың жұмыстар қолға алынуда.
Пленумда аталмыш кәсіподақ ұйымының жыл қорытындысы бойынша белсенді кәсіподақ мүшелері марапатталды. «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» белгісімен М.Өтемісов атындағы БҚМУ-дың оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Жәлел Камкиев, облыстық білім басқармасының кадр бөлімінің жетекшісі, білім басқармасы кәсіподақ ұйымының төрайымы Жанна Абдрахманова, Жәнібек аудандық жалпы білім беретін Т. Жароков атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі, кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнара Хайырлиева, Шыңғырлау аудандық балалармен мектептен тыс жұмыс орталығының директоры Қуаныш Есенов, Сырым ауданындағы Аралтөбе орта мектебінің директоры Бекет Қабасов марапатталды. «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің» Құрмет грамотасына Шыңғырлау аудандық Ащысай селолық округінің әкімі Жанболат Айсиев, Сырым ауданындағы Абай орта мектеп-балабақшасының директоры Тұрсын Төреғалиева ие болды. Ал, білім және ғылым қызметкерлерінің облыстық ұйымның алғыс хатымен 70 жас мерейтойына орай Зеленов (Приуральный) аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Анель Кальтиев, 50 жас мерейтойына орай Шыңғырлау аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы Үміт Өтебаева марапатталды.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,«Орал өңірі»
-
Фото
-