
Павлодар облысы Ақсу қаласының шаңғы базасында ҚР Тұңғыш Президентінің дене шынықтыру дайындығынан тест тапсыру өтті
2018 жылғы 20 қаңтарда Павлодар облысы Ақсу қаласының шаңғы базасында ҚР Тұңғыш Президентінің дене шынықтыру дайындығынан тест тапсыру өтті. Аталған спорттық іс-шараның ұйымдастырушылары қалалық дене шынықтыру мен мәдениетінің бөлімі болды. Қатысушылары Ақсу қаласының мемлекеттік ұйымдарының қызметкерлері, педагогтар, студенттер болды. Шаңғы тебуден жарыс 5 кезеңде өтті. 1) 18-23 жас, 2) 24-39 жас, 3) 40-49 жас, 4) 50-59 жас және 5) 60 жастан жоғары. Мамандықтары, жас аралықтары әртүрлі 400 адам бұл күні қуанышпен, спорттық рухы биік, жақсы көңіл күйлеріменен мәреге жетіп нормативті орындады. Аса қуантатын жайт 60 жастан жоғары қатысушылар шаңғының «құлағындай ойнап» қана қоймай мәреге бірінші келіп отырды. Біз жастар ол кісілерден үлгі алуымыз керек.
Білім беру саласы қызметкелерінің кәсіподағы жанындағы жастар кеңесінің құрамынан 13 адам қатыстық. Жастар кеңесінің төрағасы Фархат Еңсебаев №4 ОМ, Әнуар Шәріпов Шүлембаев атындағы ОМ (орта мектеп), Құмар Тілеужан №8 ОМ, Ерхан Қайырқұлов №4 ОМ, Мадина Жұмабаева, Сәуле Сатқанова Шүлембаев атындағы ОМ, Есенбаева Фариза №7 ОМ, Алдамұратова Әмина №2 ОМ, Жандарбек Ақбота, Дойтен Нұрсәуле Шүлембаев атындағы ОМ суық ауа райына қарамастан көңіл күйлеріміз өте көтеріңкі, табиғат аясында шаңғы тебуге, бір-бірімізбен араласып, денемізді шынықтыруға шексіз риза болдық. Барлығымыз спорттық киімде, өзіміздің үлгі етіп, мақтан еткен ұстаздарымыз, әріптестерімізден жақсы, жылы сөздер естіп, біз үшін алаңдап тұрғандарына қатты қуандық. Сөздерінен жылы леп сезіліп, даладағы аяздың ызғарын мүлдем сездірмеді. Ақсу қаласының әкімі Николай Васильевич Дычко, әкім орынбасары Тамара Витальевна Ильина, білім бөлімінің басшысы Қайрат Теміржанұлы Смағұлов, НұрОтан партиясы филиалының төрағасы Айдос Ырсымбекұлы Оразалинның жас буын өкілдеріне сәттілік тілеп, жылы сөздер айтқандары біз үшін өте маңызды болды. Арамызда күнделікті жаттығып жүргендер де мектеп кезінде ғана шаңғы тепкеніміз де болды. Өзен жағасына жақын жерде ағаштар арасымен зымырап өту ерекше қуаныш сыйлады. Жігіттер қыздардың шаңғыларының бекітулерін тексеріп, көмектесті. Барлығымыз шаттық сезімімен мәреге жеттік. Жағымды шаршаңқылық бойды басты. Сыңғырлаған күлкілеріміз алыстан естіліп жатқан тәрізді. Саламатты өмір салтын енгізуді ұйымдастырушылар тамаша өткізді. Осыдан бастап қатысушылар шаңғы тебуге өз балаларын, жақын адамдарын алып келетініне сенемін. Біз де Ақсу қаласының жастар кеңесінің мүшелері келесі спорттық іс-шараны асыға күтеміз.
Диана Садықова,МҚКК «Айналайын бөбектер бақшасы»
Павлодар облысы Ақсу қаласының білім қызметкерлерінің
кәсіподағы жанындағы жастар кеңесінің мүшесі
-
Фото
-