Талдықорған қаласындағы «Айналайын» балалар үйінде Қамқоршылық кеңесінің отырысы өтті
22 қаңтар күні Талдықорған қаласындағы «Айналайын» балалар үйінде Қамқоршылық кеңесінің отырысы өтті. Білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы Талдықорған аумақтық ұйымының және қамқоршылық Кеңесінің төрағасы С.Әбдіқадыровтың төрағалығымен өткен жиынға Кеңес мүшелері қатысты. Күн тәртібінде 2017 жылы балалар үйіне түскен қайырымдылық көмек көлемі, тәрбиеленушілерді отбасына орналастыру, 2017-2018 оқу жылында мектеп бітіретін түлектерді жоғары және арнаулы-орта оқумен қамту бойынша атқарылған жұмыстар туралы мәселелер көтерілді.
Балалар үйінің есепшісі Б.Шәбденова 2017 жылы балалар үйіне демеушілер тарапынан түскен қайырымдылық көмек туралы есеп берді. Есеп беру кезеңінде барлығы 5 ұйым тарапынан қайырымдылық көрсетілгендігін, көмек арнайы комиссияның шешімі бойынша жұмсалатындығын жеткізді.
Ал «Айналайын» балалар үйінің директоры Ж.Сейсембаева балалар үйлері тәрбиеленушілері мен түлектерін әлеуметтік бейімдеу мақсатында атқарылған жұмыс барысымен таныстырды.
«Жасөспірімдерге отбасылық тәрбие беру мақсатында Алматы облысында 2017 жылдан бері «Жетім балалар үйінсіз Жетісу» жобасы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда мекемеде 112 бала тәрбиеленуде. Өткен жылы 3 бала патронаттық тәрбиеге өтті, 8 бала қамқоршылыққа алынып, 5 бала отбасы үлгісіндегі балалар үйіне орналастырылды. 1 бала асырып алынса, 17 бала туған отбасына қайтарылды. Нәтижесінде балалар үйіндегі тәрбиеленушілер саны азайып келеді», -деді өз сөзінде Жадыра Еркінбекқызы.
Сонымен қатар, балалар үйінің әлеуметтік педагогы А.Биғожанова кәсіптік бағдар жұмысы аясында2017-2018 оқу жылында мектеп бітіретін түлектермен атқарылған жұмысқа тоқталды, тұрақты түрде психологиялық, құқықтық көмек көрсетілетіндігін айтты.
Кеңес жұмысын қорытындылаған Садық Нұрсапаұлы түскен қайырымдылық көмекті қатаң есепке алып, мақсатты жұмсалуын бақылауға алуды сұрады. Сондай ақ, қамқоршылық Кеңесінің мүшесі, «Талдықорған аналар алқасы» ҚБ заңгері А.Сегізбаева бірауыздан балалар үйіндегі комиссияның құрамына енгізілетін болды.
Кеңес мүшелері тәрбиеленушілерге кәсіптік бағыт-бағдар беру мақсатында кәсіпорындарға экскурсиялар ұйымдастыру, еңбекке баулу мақсатында жазғы мезгілде бау-бақшада жұмыс жасауына ықпал ету керектігін айтып, ұсыныстарын білдірді.
Жиын соңында қамқоршылық Кеңесінің 2018 жылға арналған жұмыс жоспары талқыланып, бекітілді.
Білім және ғылымқызметкерлері кәсіптік одағы
Талдықорған аумақтық ұйымыныңбаспасөз қызметі
-
Фото
-