Солтүстік Қазақстан облыстық колледждері және «Өрлеу» БАИ ҰО кәсіподақ ұйымдары арасында кешенді спартакиада өтті
Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіподақ комитетінің 2018 жылғы бастамасы бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2018 жылдың 12 қаңтарында Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің базасында, облыс колледждері және «Өрлеу» БАИ ҰО кәсіподақ ұйымдары арасында кешенді спартакиада өтті.
Спартакиаданың мақсаты- «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде солтүстік өңірде кенже қалған қазақтың ұлттық ойындарына деген қызығушылықтарын арттыру, ұлттық ойындарды дамыту, педагог қызметкерлерінің денсаулықтарын нығайту, дене шынықтыру және спортпен шұғылдануына жағдай туғызу, салауатты өмір салтын насихаттау.
Спартакиадада спорттың алты түрінен, атап айтсақ: тоғызқұмалақ, бес асық, асық ату, шахмат, дартс және волейбол жарыстарында облыс колледждерінің және «Өрлеу» БАИ ҰО сегіз құрама командалары қызу сайысқа түсті.Ұлттық бес асық, асық ату спорт түрлері биыл спартакиадаға жаңадан қосылып отыр.
Командалар салтанатты шерумен жанкүйерлер алдынан өтіп сапқа тұрғасын, «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіби одағы Солтүстік Қазақстан облыстық ұйымы» төрағасы Назымбек Кенжебайұлы Оразымбетов кешенді спартакиадаға қатысушыларды жарыстың өтуімен құттықтап, спартакиаданы ашық деп жариялады.
Спартакиадаға 130 ға жуық кәсіподақ мүшелері қатысып, қызу сайысқа түсті. Әсіресе спартакиадаға жаңадан қосылған бестас асық және асық ату ұлттық спорт ойындары қатысушылар мен жанкүйерленге қатты ұнап, үлкен әсер қалдырды.
Волейбол жарысында ІІІ орын М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі командасы, ІІ орын Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі командасы, ал І орын Ж.Қизатов атындағы Есіл ауылшаруашылық колледжі командасы жеңіп алды.
Дартс бойынша ІІІ орын Б.Әшімов атындағы Петропавл теміржол көлігі колледжі командасына, ІІ орын Петровка агротехникалық колледжі командасына, І орын Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі командасына бұйырды.
Шахматтан ІІІ орынды Б.Әшімов атындағы Петропавл теміржол көлігі колледжі командасы, ІІ орынды Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі командасы, ал І орынды Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі командасы қанжығасына байлады.
Тоғызқұмалақ жарысы бойынша ІІІ орынды М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі командасы, ІІ орынды Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі командасы, І орынды Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі командасы жеңіп алды.
Бестас асық ойыны бойынша жүлделі ІІІ орында - Петровка агротехникалық колледжі командасы, ІІ орында - «Өрлеу» БАИ ҰО командасы, І орында - Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі командасы.
Асық атудан ІІІ - орынды Б.Әшімов атындағы Петропавл теміржол көлігі колледжі командасы, ІІ - орынды Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі командасы, ал чемпиондық атақты Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі командасы қызықты да тартысты жарыста жеңіп алды.
Жалпыкомандылық ІІІ орынды 69 ұпаймен Петровка агротехникалық колледжі командасы, ІІ орынды 92 ұпаймен Петропавл құрылыс-экономикалық колледжі командасы жеңіп алса, кешенді спартакиаданың І орынын 102 ұпаймен асығы алшысынан түскен Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжі командасы жеңіп алды. Жүлдегерлер диплом, медальдармен марапатталды.
Жалпыкомандалық орындар үшін ақшалай сыйлықтар беріліп жеңімпаз командаға кешенді спартакиаданың ауыспалы кубогі табыс етілді.Қатысушылармен жанкүйерлердің жоғары деңгейдегі қызығушылығымен белсенділігі спартакиада өз мақсатына жеткенінің дәлелі.
Жандос Жантасович Базарбаев Солтүстік Қазақстан облыстық
білім және ғылым қызметкерлері кәсіби одағы комитетінің бас маманы
-
Фото
-