
КӨРГЕНІ ЖАҚСЫ КӨШ БАСТАЙДЫ
Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының жаңа басшысы Мейрамбек Төлепберген «Кәсіподақ үйінде» болып, салалық кәсіподақ жұмысымен танысты. Келелі кездесу барысында салалық кәсіподақ ұйымының сала басшылығынан тек облыс көлемінде ғана емес, бүкіл республика аумағында жоғары бағасын алған игілікті істері әңгіме арқауына айналып, сол жолда атқарылған шаруалар сөз болды.
Бұл жөнінде саладағы бұған дейін атқарылған және бүгінгі күні атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстар жөнінде Мейрамбек Мылтықбайұлына Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Жамбыл облыстық ұйымының төрайымы Гүлсін Орынбаеваның өзі бастап, оны төраға орынбасары Ерұлан Мағзымбеков пен салалық кәсіподақтың құқықтық қызмет басшысы Берік Баймағамбетов қостап, оларға аталған салалық кәсіподақтың шеңберінде жұмыс істейтін қос серіктестіктің басшылары - «Тараз-Профсоюз-Турист» ЖШС-нің директоры Жамбыл Қойбағаров пен «Қорғау-Тараз-2005» ЖШС-нің директоры һәм «Еңбекші» газетінің бас редакторы Бейбіт Бекназаров қосақтасып баяндап берді.
Баяндамашылар өз кезектерінде кәсіподақтарға қатысты мәселеде ұжымдық келісім шарттың орындалуы, құқықтық қызмет арқылы мұғалімдерге тиесілі сан миллиондаған теңгені құрайтын қаржылардың иелеріне қайта қайтарылып берілуі, кәсіподақ мүшелерінің мәдени-сауықтыру шараларымен қамтылуы және олардың төл баспасөз қызметіне деген сұраныстарының өтелуі секілді маңызды дүниелерге тоқталып, сала жұмысына жан-жақты сараптамалық шолу жасады.
Жиын соңында Мейрамбек Төлепберген қорытынды сөз алып, танысу тұрғысында Кәсіподақ үйінің қонақжай қара шаңырағында өткізілген алғашқы кездесуден өзіне танымдық тұрғыдан көптеген пайдалы мағлұматтарды алғандығын мәлімдеді, сөйтіп алдағы уақытта өз қызметінде кәсіподақ ұйымының беделін көтеруге септесетін барлық жақсы бастамаларға ұйытқы болуға күш салатындығын айтты және кездесуді жоғары деңгейде ұйымдастырған салалық кәсіподақ ұйымының атына ризашылық білдіретіндігін жеткізді.
Талғат ТАЛАПҰЛЫ,ЖАМБЫЛ облысы
-
Фото
-