
ЕЛ БОЛАШАҒЫ – РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ
Қазіргі таңда қоғамда демократиялық құбылыстар айшықталып, еліміз экономикалық, әлеуметтік және саяси даму жолына қадам басқаны белгілі. Өскелең заман талабына сай білім беруді демократияландыруға, ізгілендіруге мән беріліп, алғашқы нық қадамдар жасалынуда. Бұрын мектептің негізгі міндеті жалпыға бірдей міндетті білім беру стандартына сәйкес білім мен дағдыларын қалыптастыру болды. Ал қазіргі міндет өзгеше, себебі оқушыларға білім мен білік дағдыларын меңгертумен қатар оны ұшқыр ойлы, шығармашылық қабілеті жоғары, өзгермелі өмірге икемді, жан-жақты дамыған жеке тұлға ретінде қалыптастыру, дамыту біздерге, ХХІ ғасыр мұғалімдеріне зор жауапкершілік жүктейді.
Баланы жеке тұлға ретінде қалыптастыру әлеуметтік жағдайда, оның табиғи қабілеттеріне қоршаған ортаның игі әсер еткенінде жүзеге асатынын ескерсе, сапалы білім мен саналы тәрбие беруде оқытудың инновациялық технологияларын игеру мен іс-тәжірибеге енгізудің маңызы да арта түседі. Баланың әлеуметтік және шығармашылық қабілеттерін ашуға, дамытуға елеулі ықпал ететін инновациялық оқыту технологиясының бірі – дебат бағдарламасы. Осы мақсатта Шу ауданы әкімдігінің білім бөлімі мен «Мәңгілік Ел» тәрбие және білім беру орталығы жыл бойы мектеп оқушылары арасында пікірсайыс турнирлерін ұйымдастырып келеді. Турнирлердің көп өткізілуіне, оқушылардың қызығушылығының арытуына байланысты ауданымыздың білім бөлімінің басшысы Майра Базарованың қолдауымен «ARLAN'S» дебат клубы құрылды.
«ARLAN'S» дебат клубы 8-10 сынып аралығындағы оқушылардан құралған 52 мүшеден тұрады. Клуб пікір-сайысты жанына жақын еткен, жалынды, жүрегінде патриот оты лапылдаған, өз ойын ашық түрде жеткізе алатын жастарды біріктіреді.
Жас буынның, жалындаған жалынын сөндірмеу мақсатында «Мәңгілік Ел» тәрбие және білім беру орталығы 2015 жылдан бері ауданымыздың мектеп оқушыларымен тығыз жұмыс жасап келеді. Тұнып жатқан талантты тауып, ел алдында еркін сөйлеуге, шешендікке баулуға, ой зияткерлігін дамытуға, ұлтжандылығын арттыруға, ақындық қырын ашуға, өз ойын түрлі бейнероликтер түсіру арқылы жеткізуге үйретіп келеді. Ұлттық рухани құндылықтарымызды дәріптеу арқылы ұлттық болашағымызды баянды ету. Мәңгілік Ел – Елбасының ерлігі, бейбіт сүйгіш халқымыздың бірлігі мен бүгіні. Ал, бүгінгі жастар біздің болашағымыз.
Зарина АБДИЕВА,«Мәңгілік Ел» тәрбие және білім беру орталығының
қосымша білім беру педагогы,ШУ ауданы,ЖАМБЫЛ облысы
-
Фото
-