
МАҚСАТ - АЙҚЫН, БАҒЫТ – АНЫҚ
Жуырда Жамбыл облысы Меркі ауданы №44 орта мектебінің ұжымы мен кәсіподақ ұйымының бастамасымен мектебімізде Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында ауданымыздың белгілі азаматы, дзюдо күресінен ардагерлер арасында әлем чемпионы Джарашуиев Нұрлан Ануарұлымен кездесу ұйымдастырылды.
«Құлақпен естіген танық, көзбен көрген анық» деген нақыл сөз көзбен көрудің асылдығын білдірсе керек. Шынайы чемпионды көру - барлық оқушылар үшін мақсатты айқындай, сенімді нықтай түсетін шақ. Нұрлан Ануарұлы «Ақтоған» ауылында дүниеге келген. Бүгінгі таңда Меркі ауданы әкімдігінің білім бөліміне қарасты «Аула клубы» мекемесінінің директоры. Сондай-ақ, ол Қазақстан Халқы Ассамблеясы аясында құрылған аудандағы балқар мәдени орталығының жетекшісі. Ауданымыздың өсіп-өркендеуіне, ұлтаралық татулық пен бейбітшілікке және спорттың дамуына, күрес түрлерінің, оның ішінде қазақ күресінің дамуына үлес қосып жүрген азамат ретінде оқушылармен кездесіп, ой бөлісу кезінде жерлесіміз өз жетістіктерінің тек табанды еңбектің арқасында келгендігін қадап айтты. Жиында спортшының жеңістері туралы видеоролик көрсетіліп, оқушылар көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, өз қолдарымен жасаған сыйлықтарын тарту етті.
Джарашуев Нұрлан Ануарұлы оқушыларға алда әлі ұзақ жол, үлкен асулар бар екендігін, сол асулар мен қиындықтарды жеңу үшін білім, талап, талант керек екендігін тілге тиек етіп, оқушыларымыздың бойына жігер беріп, ертеңгі күнге деген сенімділіктерін арттырды.
Лаура МЫРСЕИТОВА,ЖАМБЫЛ облысы