Талдықорғанда «Рухани жаңғыру» - табысты ел болуымыздың кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті
Бүгін Талдықорған қаласында ашылған Рухани жаңғыру орталығында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Талдықорған аумақтық ұйымы «Рухани жаңғыру» - табысты ел болуымыздың кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында өткен шараға өңірдегі мәдениет, бюджеттік мекемелер, пошта қызметкерлері салалық кәсіподақ ұйымдарының, білім қызметкерлері аудандық және қалалық кәсіподақ комитеттерінің төрағалары, әр деңгейдегі маслихат депутаттары, кәсіподақ саласының ардагерлері мен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары, жастар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Талдықорған аумақтық кәсіподақ ұйымының төрағасы С.Әбдіқадыровтың төрағалығымен өткен шара барысында мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы тың бастамаларды насихаттау аясында білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одақтарының атқарған жұмысы қорытындыланып, оның қызметін ары қарай жетілдіру мәселелері қаралды. Алқалы жиынға қатысқан кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қоғамдық сананы жаңғырту туралы мақаласының өзектілігіне тоқталып, айтылған мәселелер жөнінде ойларын ортаға салып, алға қойған міндеттермен бөлісті.
Алматы облыстық Ішкі саясат басқармасының бас маманы Айлен Мәдиқызы өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша 2017 жылы атқарылған жұмыстың нәтижесі туралы айта келіп, қоғамдық бірлестіктердің мүшелерін рухани жаңғырудың міндеттерін жұмыла іске асыруға шақырды.
Ал облыстық Тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Туғанай Рахымберлина латын әліпбиіне көшудің артықшылықтары туралы ой-пікірлерін ортаға салып, облыс бойынша қазақ тілінің латын әліпбиіне кезең-кезеңмен көшу барысына тоқталды.
Сонымен қатар, «Достық үйі» қоғамдық келісім орталығының сарапшысы Л.Ұзақбаева «100 жаңа есім» жобасы, Көксу аудандық кәсіподақ ұйымының төрайымы С.Төкенова, Ушинский атындағы № 7 орта мектептің директоры, қалалық маслихаттың депутаты Ж.Нұрлыбаева, Талдықорған сервис және технологиялар колледжіндегі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы В.Никулина жас буынды туған өлкесіне деген сүйіспеншілікке, табиғатқа қамқорлықпен, тарихқа және мәдени-тарихи ескерткіштерге құрметпен қарауға тәрбиелеуге бағытталған «Туған жер» бағдарламасы жайлы пікірлерімен бөлісті.
«Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Себебі, құндылықтар ішінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді. Сондықтан, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының идеяларын жалпы білім беретін мектептердің, арнаулы және жоғарғы оқу орындарының оқу-тәрбиелік бағдарламаларына енгізіп, ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртуымыз қажет. Осы ретте, Елбасының сенімін ақтау туған елін сүйетін әрбір азаматтың, соның ішінде, ұстаздар қауымының келешек ұрпақ алдындағы парызы деп есептеймін», - деп жиынды қорытындылады Садық Нұрсапаұлы.
Айта кетейік, 29 желтоқсан күніТалдықорған қаласының мақтанышы «Жастар» саябағында «Рухани жаңғыру» орталығының лентасы қиылған болатын. Бұл осы бағдарлама үшін арнайы ашылып отырған республикадағы тұңғыш орталық.Оның ашылу салтанатына облыс әкімі А.Баталов, ардагерлер, Ассамблея мүшелері, қала жұртшылығы қатысты. Жаңа ғимаратта тәуелсіз еліміздің, Жетісу өңірінің жетістіктерінен, қазақтың ұлттық құндылықтарынан хабар беретін экспозициялық және «дөңгелек үстел» жиыны өтетін залдар жұмыс жасайды.
Білім және ғылымқызметкерлері кәсіптік одағы
Талдықорған аумақтық ұйымыныңбаспасөз қызметі.
-
Фото
-